Бетпақ даладағы киіктерге микрочипі бар қарғыбаулар тағу жалғасуда. Жылына бір рет жасалатын бұл шара биыл күз мезгіліне сай келіп отыр.
"Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы" киіктерге қарғыбау тағу жұмысын 2009 жылы бастаған болатын. Басты мақсат оның биологиясы мен көші-қон ерекшеліктерін зерттеу. Осылайша ғалымдар екі жыл ішінде арнайы құрылғының көмегімен өздеріне қажетті мәліметті алып отырады.
Германияда жасалған қарғылардың бағасы мың жарым еуродан 2 жарым мың еуроға дейін барады. Құрылғылардың қуаты 2 жылға дейін жарамды. Дәл осы қарғының көмегімен бөкендердің қайда жүргенін, олардың үйірін дәл анықтауға болады. Қарғы тағу процесі 5 минуттан аспайды. Осы аралықта киікке анализ жасалады, қан алынады, салмағы мен температурасы өлшенеді. Жыл соңына дейін республика бойынша мұндай қарғының 58-і тағылмақ.
Данияр Құсайынов, "Охотзопром" МКК инспекторы: "Бүгінде республика бойынша ақбөкендердің саны 150 мыңнан асады. Былтыр бұл көрсеткіш 108 мың шамасында болған. Осы аралықта 41 пайызға өсім көрсетіп отыр. Дегенмен қорық мамандары киіктің азаюына алаңдаулы. Өйткені соңғы 9 айда киік атуға қатысты 36 қылмыстық іс қозғалыпты. Айта кетейік заңсыз ауланған әр киіктің басы үшін 350 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлейсіз. Одан бөлек 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Броконьерлер киік етіне емес, мүйізіне бола қызығады дейді инспекторлар".