"Алтын белгі" иегері өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін

1449

Оған кісі өлтірген деген айып тағылып отыр.

"Алтын белгі" иегері өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін

Ақтөбеде мектеп түлегін өлтірді деген күдікке ілінген "Алтын белгі" иегері сотталып жатыр. Айыпталушыға полицейдің ұлын пышақтаған деген айып тағылған, деп хабарлайды sputniknews.kz.

31 тамызда алдын ала тыңдау өтті. Сотта Бекназ К-ге алқабилер сотын қолдану ұсынылды, алайда ол бас тартты. Сотталушының адвокаты сотқа куәгерлерді – екі қыз бен сыныптастарын шақыруды, төбелес кезінде Бекназ да жарақат алғандықтан қылмыстық іске амбулаториялық картаны тіркеуді, сотталушының сынып жетекшісі мен оқу ісі меңгерушісінің оған берген мінездемесін қосуды, қоңырау деректерін алуды, әлеуметтік желілердегі хат-хабарларды тіркеуді сұрады, деп жазды "Ақтөбе таймс".  

Басты сот талқылауын 3 қыркүйекте өткізу жоспарланған.  

Еске сала кетсек, №19 мектептің түлегі Азат Дүсіпов 17 маусымда "Ақтөбе" — "Ордабасы" ойынынан кейін бірнеше сағаттан соң қаза болды. Азаттың достарының айтуынша, күдікті мен марқұм сол күні Орталық стадионда болған, бірақ олар бұған дейін таныс болмаған екен. Оқиға Тургенев көшесіндегі жатақхана ғимаратының артында, түнгі сағат 12 кезінде орын алыпты. 17 жастағы жігіт тамағынан пышақ жарақатын алып, облыстық балалар клиникалық ауруханасында көз жұмды.  Осыдан кейін Бекназ К-ге 8 тамызда, туған күнінде айыптау актісі тапсырылды. Оған 99-баптың 9 және 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Бұл баптар бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу