Көлік жүргізушілеріне тағы бір жағымды жаңалық

44418

Жол ережесін бұзғандарға сақтандыру ақысы артады, ұқыпты жүргізушілерге жеңілдік жасалады. 

Көлік жүргізушілеріне тағы бір жағымды жаңалық Фото: inbusiness.kz

Елімізде жол ережелерін бұзған жүргізушілердің сақтандыру полистері ұлғаяды, ал жауапты жүргізушілерге қосымша жеңілдіктер ұсынылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бонус-малус" жүйесі автокөлік сақтандыруында клиенттердің қауіпсіз жүргізуін ынталандыратын тиімді механизм болмақ.

Жүйе бойынша, егер клиент ешқандай сақтандыру жағдайына тап болмаса, онда оның "бонус-малус" классы өседі, бұл сақтандыру төлемдерінің төмендеуіне алып келеді. Ал, егер клиент кінәсінен апатқа ұшыраса, онда класс төмендеп, сақтандыру құны артады.

Мұндай тәсіл клиенттердің жауапкершілігін арттырып, қауіпсіз жүргізуді ынталандырады. Соның нәтижесінде, автокөлік апаттарының саны азаяды, ал сақтандыру компанияларының шығындары төмендейді. Жүйенің жетілдірілуі клиенттер үшін икемділік пен әділдікті қамтамасыз ете алады. Бұл автокөлік сақтандыруының жалпы сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

Қазіргі "бонус-малус" жүйесі Қазақстанда 2007 жылдан бері қолданыста және 15 класстан (13 негізгі және "0" мен "М" класстары) тұрады.

Жаңа жүйе көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтауды да ескереді. ЖКО жасаған жүргізушіде мысалы, жылдамдықты 40 км/сағаттан асырғаны, қозғалыстың қарсы бағытына шығып кеткені немесе авариялық жағдай туғызғаны үшін айыппұлдары болса, онда келесі сақтандыру келісім-шартын жасағанда оның "бонус-малус" классы автоматты түрде төмендейді.

Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар тек сақтандыру кезеңінде, яғни жыл ішінде үш және одан да көп жол қозғалысы ережелерін бұзғанда ғана ескеріледі.

Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде жүргізушілерді ұқыпты жүргізуге және көлік жүргізу ережелері мен мәдениетін сақтауға ынталандыру үшін қолданылады.

Сондай-ақ, "бонус-малус" жүйесін сақтанушының немесе сақтандырылған адамның қатысуымен көлік жүргізетін жүргізушілерге, соның ішінде каршерингке тарату ұсынылған.

Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің "Ашық НҚА" порталынан танысуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу