Көліктік-логистика саласында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

3978

Болашақта саланы жасанды интеллект басқаруы мүмкін.

Көліктік-логистика саласында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша көлік және қойма саласындағы жұмысшылардың жалпы саны 228,1 мың адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға төмен, деп хабарлайды inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Олардың жартысы құрлықтық көлік пен құбыр тасымалдау саласында жұмыс істейді - 115,3 мың қызметкер. Сонымен қатар қойма және қосалқы көлік қызметі, сондай-ақ пошта және курьерлік салада жұмысшылар саны көп.

Бір қызметкердің орташа жалақысы 272,9 мың теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Сонымен бірге инфляцияны ескере отырып, сектордағы жалақы жылына 3,4% -ға ғана өскен.

Ең жоғары жалақыны су көлігі саласындағы қызметкерлер алады – 761,5 мың теңге, ең төмен – пошта қызметкері мен курьерлерде – 130,3 мың теңге.
Жалпы электронды еңбек биржасының соңғы деректері бойынша (2020 жылдың қаңтар-қазан айлары) көлік және қойма саласындағы кадрларға деген сұраныс 18,5 мың бос орынды құрады.

Ең көп талап етілетін мамандық - автобус жүргізушісі. 2,6 мың бос жұмыс орны, ұсынылған орташа жалақысы 166,1 мың теңге. Сонымен қатар, сұранысқа ие үштікке жеке көлік құралдарының жүргізушілері, сондай-ақ құрылыс және көлік-логистика саласына қатысты жұмысшылар кірді.

Бұған қоса көлік және логистика саласындағы мамандар Жаңа мамандықтар атласын жасады.  Онда жойылатын және алдағы бірнеше жылда пайда болатын жұмыс орындарының тізімі бар.

Осылайша, көлік-логистика саласында 20 жаңа мамандық пайда болып, 9 бағыт трансформацияланып, 16 қызмет мүлдем болмайды деп болжануда.

Осылайша 2025 жылдан бастап нарыққа көлікті басқару интерфейстерінің дизайнері, сандық логист, биометриялық бақылау технологы және тағы басқа мамандар қажет болады. Сонымен қатар сарапшылар болашақта саланы жасанды интеллект басқаруы мүмкін деген болжам жасаған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу