Қорғаныс министрі қару-жарақ пен техника сақталған қоймаларды аралады

946

Құны 100 млрд теңге әскери техниканы сатудан түскен қаражат мемлекет бюджетін толықтырады. 

Қорғаныс министрі қару-жарақ пен техника сақталған қоймаларды аралады

Ведомство басшысы жұмыс сапары барысында Алматы мен Гвардейск гарнизондарында орналасқан артиллериялық және бронды танк қару-жарағы сақталған базаларды тексерді, деп хабарлады inbusiness.kz порталы. 

Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қару-жарақтың сақталу жағдайларына, әскери техниканы күзету ұйымдастыру тәртібіне, өртке қарсы және диверсияға қарсы қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударды.

Бұдан өзге, қорғаныс министрі Алматы гарнизонындағы сақтау базасында әскери инфрақұрылым нысандарының салыну барысымен, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы сақталған техниканы жөндейтін және қызмет көрсететін цехтың жұмысымен танысты. 

Гвардейск гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы бронды танк техникасына ағымдық және орташа жөндеу жүргізілетін қоймалар мен сақтау алаңдарын, цехтың жұмысын қарап шықты. 
Сондай-ақ, сақтау базаларының командирлері Қорғаныс министріне пайдаланылмайтын әскери мүлікті есептен шығару, бағалау және одан әрі уәкілетті органға беру жөніндегі жұмыс туралы есеп берді.

Пайданылмайтын әскер мүлік жөніндегі мәселені шешу қорғаныс ведомствосы жұмысының маңызды бағыты саналады. "Кеңес заманынан бері белгіленген пайдалану мерзімі өткен және пайдалануға жарамсыз материалдық заттар Қарулы Күштерде сақталуда. Ұзақ жылдар ішінде алғаш рет Қорғаныс министрлігі көп жылдар бойы сақталған әскери техниканы толық түгендер, сұрыптады. Бұдан әрі қолдануды және жөндеуді қажет ететін техника Қарулы Күштердің баласында қалмақ. Пайдалануға жарамсыздары – есептен шығарылып, уәкілетті органның ведомстволық ұйымдарына беріледі", - деді министр. 

Олар пайдаланылмайтын әскери мүлікті кәдеге жаратады немесе баланстық құны бойынша өткізеді. 

"Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінде уәкілетті органның ведомстволық ұйымдарына (ИИДМ) баланстық құны 100 млрд теңгеден асатын пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру процесі жүріп жатыр. Бұл мүлікті сатудан түскен қаражат мемлекет бюджетін толықтырады", - деді ведомство басшысы. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу