Осы күнге дейін АҚШ Орталық Азия елдеріне 5 млн доллар бөлген екен. Сингердің айтуынша, ол бұл сома көлемін көбейтуді АҚШ-тағы өкілдіктен сұраған. Бірақ Құрама Штаттардағы науқастар санының көбейіп жатқанына байланысты қаржылай көмектің тағайындалатыны не тағайындалмайтыны белгісіз.
Баспасөз мәслихатына USAID-тің Орталық Азиядағы денсаулық сақтау және білім беру бөлімінің директоры Джошуа Карнс та қатысқан болатын. Оның айтуынша, қазір агенттік еліміздің лабораториялық әлеуетін көтеруге, коронавирус пандемиясы жайлы тарап жатқан жалған ақпаратпен күресуге атсалысып жатыр. Оның сөзін доктор Сингер де қостады. CDC-тің Орталық Азиядағы өкілі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен қазір тығыз байланыста екенін және еліміздің індетті еңсеруі үшін керекті ақпаратпен қамтамасыз етіп жатқанын айтты.
"Вирусты ешкім қолдан жасамаған, Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус табиғи жолмен пайда болды. Бұл пандемия денсаулық саласымен қатар, экономиканы құлдыратып, қауіпсіздікке нұқсан келтіріп жатыр", – деді Дэниель Сингер.
Коронавирус туралы жалған ақпараттың көп екенін алға тартып, ол туралы нақты мәліметті ДДҰ-ның сайтынан оқуға кеңес берді.
Брифинг барысында бір тілшінің "Тәжікстанда неліктен коронавирусты жұқтыру фактісі тіркелмеді? Әлде ондағы билік жасырып жатыр ма?" деген сұрағына USAID өкілі Джошуа Карнс жауап берді. Сөзіне сенсек, Тәжікстан ешқандай да ақпаратты жасырып отырған жоқ, қазір елде вирусты анықтайтын тест жүргізіліп жатыр екен. Бұл ел нақты мәліметті жарияламай жатыр дегенге күдікденбейтінін білдірді.
CDC (Centers for Disease Control and Prevention) – АҚШ денсаулық сақтау министрлігінің федералды агенттігі. Ол 1946 жылы құрылған. Орналасқан жері – Дорджия штаты. Бұл агенттіктің мақсаты – денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін керекті ақпаратпен қамтамасыз ету.
Табиғат Нұрболат