Коррупция туралы хабарлағандарға 27 миллион теңге төленді

1075

Қазақстанда бір жыл бойы небары 185 адам ғана жемқорларға қатысты құзырлы органдарға астыртын хабар берген.   

Коррупция туралы хабарлағандарға 27 миллион теңге төленді

Қазақстандықтар орын алғалы тұрған не болған сыйбайлас жемқорлық фактілері туралы жоғарғы жаққа сөз тасудан қорқады. Өйткені қуатты коррупционерлердің қолынан жазым болудан не қатты зардап шегуден қауіптенеді. Оның үстіне мемлекеттің "хабар бергені" үшін ұсынатын сыйақысының шағындау болуы да халықты бұған ынталандырмай отырған көрінеді.

Заң бойынша елімізде сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе коррупциямен қарсы күресте басқалай көмек көрсеткен азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бұған қоса, ол құлағдар еткен коррупция фактісі дәлелденсе, бір жолғы ақшалай сыйақы түрінде көтермеленуі де мүмкін.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылы бұл іске бей-жай қарамайтын азаматтардың өтініші бойынша агенттіктің "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы" бірқатар жемқорлық қылмысты әшкерелегенін хабарлады.

"2018 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы расталған хабарламалары үшін 185 тұлға жалпы көлемі 27,3 миллион теңгеге көтермеленді. Оның ішінде онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарлаған 2 азамат – 192 400 теңгеге, ауырлығы орташа қылмыстар бойынша 73 тұлға – 9,04 миллион теңгеге, ауыр қылмыстар бойынша 106 тұлға – 18,1 миллион теңгеге көтермеленді", – деп хабарлады агенттік.

Ал 2019 жылдың екі айында ұлттық бюроның аумақтық департаменттері 29 тұлғаға жалпы сомасы 4,5 миллион теңге сыйақы берді. Оның ішінде ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар жайында хабардар еткен 9 азамат жалпы көлемі 1,1 млн теңгеге, ауыр қылмыстар бойынша 20 тұлға 3,4 млн теңгеге көтермеленген.

Сыйақы кез келген арызданғыш, оңды-солды домалақ арыз жазатын адамдарға берілмейді. Оны алу үшін біріншіден, айтылған ақпарат шындыққа сәйкес болып шығуға тиіс. Екіншіден, айыпты адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енуі керек. Тіпті жемқорға қатысты іс "ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылса" да сыйақы төленеді. Бірақ әрине, хабарлаушыға өз қаражатына қол жеткізуі үшін біраз уақыт күтуіне тура келмек.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес көтермелеу құқық бұзушылықтың санатына қарай белгіленеді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 айлық есептік көрсеткішке (75 мың 750 теңгеге) дейін көтермеленеді. Азаматтарға онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарламалары үшін 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы – 50 АЕК, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тиісінше 70 және 100 АЕК (252 мың 500 теңге) беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу