"Қошқар ата" көліндегі залалсыздандыру жұмыстары тоқтады

828

Улы қалдықтар төгілетін "Қошқар ата" көлін залалсыздандыру жұмыстары тағы да тоқтап қалды. 5 жыл бұрын бюджеті бекіген жоба іс жүзінде былтыр ғана іске асқан еді. 

"Қошқар ата" көліндегі  залалсыздандыру жұмыстары тоқтады Фото: aikyn.kz

Алайда, мемлекет бөлген 15 млрд теңгенің тек 1 млрд-ы ғана игеріліп, улы аймаққа құм төселді. Көп ұзамай мердігерлер бастаған ісін тағы да орта жолдан үзуге мәжбүр болды. 

"Қошқар ата" қалдықтар қоймасы осыдан 50 жыл бұрын аймақтағы үш ірі өндіріс зауытынан шығатын радиоактивті қалдықтар жинайтын қойма болған. Кейін, кәсіпорындар жабылып көлге құйылатын су тоқтатылды. Соның салдарынан зиянды қалдықтар ауаға көтеріліп, желдің әсерінен жақын елді-мекендерге тарай бастады. Жарты ғасыр уақыт өтсе де "Қошқар ата" қоймасы адам өміріне зор қауіп төндіріп тұр.

Осыдан 5 жыл бұрын 4279 гектар аумақтағы улы көлді көму үшін экологиялық жоба сараптаудан өтіп, мемлекет бюджетінен 15,5 млрд теңге бөлінген болатын. 2021 жылы сол қаржының тек 1 млрд-ы ғана игерілді. Яғни 266 гектар жер залалсыздандырылған. Ал былтыр 3 млрд теңгеге 905 гектар аумаққа құм төселуі тиіс еді. Бірақ жобаның есеп-қисабы дұрыс болмай, жылдың қақ ортасында жұмыс тоқтады. Салдарынан рекультивациялануға тиіс 905 гектар жердің үштен бір бөлігіне ғана қиыршық тас төселген. 

"Мемлекеттік сараптама орталығынан біз хабарлама алдық. 19-тамызда жасалған түзетілген жоба өз күшін жойды деген. Осыған байланысты біз мердігерге хат жіберген болатынбыз жұмысты тоқтату бойынша. Себебі, 2017 жылы жасалған жоба 4279 геектар жасалу керек еді ескі жоба бойынша. Бірақ, жаңа жоба бойынша 1344-ке дейін азайып, яғни 3 есеге дейін азайып кеткен. Осының кесірінен жоба күшін жойған болатын", дейді Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қорғау  басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов. 

Жауапты мамандардың айтуынша 7 жыл бұрын жасалған ескі жобадағы қаржының көлемін арттырмаса улы көлді толық рекультивациялау мүмкін емес. Қаржы тек 1344 гектар аймаққа ғана жетіп тұр. Әзірге жұмыс уақытша тоқтады. Жоспар алдағы уақытта әлі жалғасын табады деген үміт бар. Өйткені, 100 млн тоннадан аса  химмялық қалдықтар маңайдағы ауылдарға қауіп төндіріп тұр. Солардың ең жақыны Басқұдық елді-мекені. Ауыл тұрғындары нашар экологияның кесірірен түрлі ауру тапқанын айтады.  

Өңір халқының  талабы да осы. Көлдің бетін жауып, айналасына сексеуіл егіп беруін сұрайды. Қазір құжатта кеткен кемшілік қайта қаралып, жобаны қаржыландырудың жаңа есебі жасақталады. Содан соң ол мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже алуы тиіс. Сонда ғана жоба құны бірнеше есеге өсуі мүмкін. Республикалық бюджет осы сұранысты мақұлдаса, жоба көктемнің аяғында қайта жалғасын табатын болады.

Нұрлан Қуанышбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу