Қостанай облысындағы ауруханалар шығындарын өтей алмай, қарызға батты. Медициналық керек жарақтар үшін жеткізіп берушілерге берешегі 4 миллиард 300 млн теңгеден асады. Жергілікті әкімдік көмек ретінде 728 млн теңге бөлген. Алайда, бұл ақша қарыздың жартысын да жаппады. Енді ауруханалардың қаржылық мәселесін медицина қызметкерлері өз күшімен шешуі тиіс.
Үш жүзге жуық балдырғанға ем дом жасайтын облыстық балалар ауруханасының әкімшілігі бар нәрсені үнемдеп жұмсайтын болған. Тіпті, дәліздерде жарықты өшіріп қояды. Адам жанының арашасы ақ халатты абзал жандар үшін мұндай қытымыр жағдайда жұмыс істеу моральдық тұрғыда да өте ауыр. Алайда, басқа амал жоқ.
"Бізде ақша жоқ, тек қана айлыққа жетеді. Басқасына қалмайды. Шамамен 90-95 пайызы қаржының айлыққа кетеді. Коммуналды шаруашылық, дәрі-дәрмекке ақша жоқ", – дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Ержанов.
Бас дәрігерлердің айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бекіткен емдеу тарифтері ауруханалардың шығындары есебімен сәйкес келмейді. Яғни, көрсетілетін қызмет пен оған төленетін ақының арасында айырмашылық көп. Бүгінде медицина нақты жағдайға емес басқа сыймайтын сандарға тәуелді болып барады дейді дәрігерлер.
"Бөлімшілерге қанша ақша бөлінсе, сонша сомаға ғана қызмет көрсетуі тиіс. Тіпті, мәйітханаға әкелгендердің 80 пайызының міндетті түрде әлеуметтік сақтандыруы болуы тиіс, ал тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша 20 пайыз ғана қабылдауға болады", – дейді Рудный қалалық ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкенов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев медициналық мекемелерді оңтайландыру шарасын жүргізіп жатқандарын айтады.
"Кадр бойынша өзгерістер болады, дәрі-дәрмектердің тізімін қайта жасақтаймыз. Медициналық қызмет көрсету тарифін өсірмейінше қарызға осылай кіре береміз. Биыл мүшкіл жағдайымызды түсініп, әлеуметтік сақтандыру қоры ауруханалардың медициналық көмек көрсетуіне қосымша екі миллиард теңге бөлді", – деді ол.
Әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше жергілікті ауруханалар менеджментті жетік меңгермеген. Бүгінде тарифті көтеру мәселесі қаралып жатыр. Ал, аурухана қызметкерлері МӘМС тен бөлінген екі миллард ақшаға науқастарды емдеп, қарыздарды жыл аяғына дейін жабуға тырыспақшы.