ҚР Премьер-Министрі Цифрландыру жөніндегі комиссия отырысын өткізді

910

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.  

ҚР Премьер-Министрі Цифрландыру жөніндегі комиссия отырысын өткізді

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және цифрлық саланы дамыту тұжырымдамасы, "DigitEL" ұлттық жобасы, "Smart City" жобаларын іске асыру барысы туралы цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, медицина саласындағы жасанды зердені дамыту туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, мемлекеттік органдардың кадр жүйесін цифрландыру мәселелері туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова баяндады. Қауіпсіздік және тіршілікті қамтамасыз ету салаларындағы цифрлық жобаларды жүзеге асыратын жеке компаниялардың өкілдері түсініктеме берді.

"DigitEL" ұлттық жобасы (Digital Era Lifestyle) 5 бағыт бойынша 200-ге жуық іс-шараны қарастырады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 2021-2025 жылдар кезеңінде халықты сапалы интернетпен және электрондық денсаулық паспорттарымен 100% қамту, АT саласына инвестицияларды жылына 500 млрд теңгеге дейін, АT өнімдері мен қызметтері экспортының жалпы көлемін 500 млн долларға дейін, электрондық өнеркәсіп өндірісінің көлемін 90 млрд теңгеге дейін, 100 мың жаңа жұмыс орнын құру, өңірлерде 5 АT-мектеп ашу көзделген.

Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде жасанды зердесі бар медициналық бейнелердің Ұлттық қоймасын (ПАКС жүйесі) құру жоспарлануда. Бұл онкологиялық аурулар мен өкпе ауруларын уақтылы және сапалы диагностикалауды қамтамасыз етуге, шалғай өңірлерде білікті дәрігерлердің қолжетімділігіне тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Жүйенің тиімділігі Алматы және Атырау облыстарында сыналды — онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау 25% артты, өлім-жітім 15% төмендеді.

Қазақстан экономикасын цифрландырудың негізгі жобаларының бірі өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған "Smart City" болып табылады. Жобаны іске асыру нәтижесінде үш жыл ішінде жол-көлік оқиғаларынан өлім-жітім 2 есеге, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар 30% дейін, құқық бұзушылықтар саны 20% төмендеді. Қоғамдық көлікті цифрландыру есебінен салық жинау 25-30% өсті.

ҚР "ақылды қалалар" эталондық стандарты 11 бағыттан тұрады және 100-ден астам негізгі көрсеткіш пен 100 бастаманы қамтиды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша "Smart City" тұжырымдамасын іске асыру бойынша көшбасшылар Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалалары болды. Ең аз балл жинаған қалалар – Тараз, Ақтау және Павлодар.

Отырысқа қатысушылар қалалық кеңістікті бейнебақылау жүйелерімен, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесімен қамтуды одан әрі кеңейту, білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, әлеуметтік және басқа да салаларға "ақылды жүйелерді" енгізу мәселелерін қарастырды. Премьер-Министр ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында "DigitEL" ұлттық жобасын таныстыруды, сондай-ақ "ақылды қалалар" эталондық стандартын өзектендіруді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу