Құмар ойынның қармағына ілініп, бәс тігуден берешекке белшесінен батқандар қатары көбейді

Қазіргі заманның жаңа "ауруына" ем бар ма?  

Құмар ойынның қармағына ілініп, бәс тігуден берешекке белшесінен батқандар қатары көбейді Фото: Profi-Detox

Бүгінде лудомания елдегі өзге салалардан кем түспейтін өзекті мәселе болып отыр.  Мәжіліс депутаттары арнайы заң жобасын дайындап, талқылауға салса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда оны бейбіт күннің шырқын бұзған зор қатерге балады. Құмар ойынның құрбандарына айналған азаматтарды тығырықтан шығарудың жолы қайсы? Inbusiness.kz тілшісі талдап көрді.

Әлеуметтік төлемін "қағып алып", қарызға батырды

Таяуда ғана павлодарлық лудоманның әрекеті әшкере болды. Құмар ойынға кіріп кетіп, бәс тігіп, әбден қарызға кірген жас жігіт көпқабатты үйдің ауласында қызбен танысқан. Оның денсаулығы наашар екенін аңғарған ол әлгі бойжеткенді сол сәтте тақырға отырғызып кетіпті.

"Бойжеткеннің психологиялық ауытқуы бар екенін байқаған ол оның дәрменсіздігін пайдаланған. Қызды суретке түсіріп, оның атына микроқаржы ұйымдарынан барлығы 800 мың теңгеге несие алған", - деп хабарлайды Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жігіт әлгі ақшамен қарыздарынан құтылып, қалғанын қайтадан букмекерлік кеңседегі бәс тігуге байлайды. Кейін аулада танысқан қызды техника сататын дүкенге апарып, оның атына 350 мың теңгелік iPhone телефонын несиеге рәсімдеген. Су жаңа телефонды қалтасына салып, ол аздай жәбірленушінің банк картасындағы 79 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем ақшасын да өзіне аударып алған. Содан соң бойжеткен полицияға шағымданды. Әккі әрекетін іске асырған жігітке қатысты алаяқтық және ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал айыпталушының өзі үйқамаққа алынды.

Айта кетейік, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу-тексеру  департаментінің мәліметінше, ннлайн казинолармен күрес, заңсыз лотореялық терминалдарды, заңсыз ойын бизнесін анықтау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр "Киберқадағалау" жүйесі бойынша онлайн казино сайттарын бұғаттауға 540 сілтеме жіберіліп, соның 291-і толық бұғатталды. Соңғы екі жылда аймақта заңсыз ойын бизнесі анықталған жоқ.

Жаңа заманның жаңа қатері

Жалпы, бүгінгі таңда лудомания кәдімгідей дендеген дертке баланып отыр. Оны арнайы орталық мамандары емдеуге де кірісті. Павлодар облысындағы сондай орталықтардың бірі - республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар филиалы. Былтыр мұнда ойынқұмарлықтан 7 адам ем алса, осы жылыдң алғашқы тоқсанының өзінде 10 адам дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Осыдан-ақ, құмар ойын мен бәс тігудің шырмауына түсіп жатқандардың қатары артып келе жатқанын аңғару қиын емес.

"Құмар ойындарға жақын азамат госпитализацияға дейін міндетті түрде тиісті тексерулерден өтеді. Біздің орталықтағы қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде көрсетіледі. Яғни, ем-дома алу тегін. Стационарға жатып емделеді. Бұл процесс кешенді көмектен тұрады. Оған терапия, әлеуметтік ортаны қолдау кіреді. Кей жағдайда дәрі-дәрмекпен емделеді. Толық емделу үшін ұзақ уақыт керек", - дейді орталықтың нарколог дәрігері Данияр Куржикбаев.

Орталықта ем алу – көп жағдайда ойынқұмар адам мен жақын-жұрағаты жасайтын соңғы қадамдардың бәрі. Лудоманияның салдарынан әбден берекесі қашқан шаңырақтар осындай көмекке иек артып жатады. Ал мұндай ойындарға деген зор тәуелділікке дейін жеткізбеу үшін  өзін-өзі құмар ойыннан тыюдың арнайы тетігі қосылды. Осы жылдың наурыз айында электронды үкімет порталында пилоттық жоба басталды. Соған сәйкес, құмар ойындарға "бүйрегі бұрып тұратындар" өздерін бұл жаққа аяқ баспас үшін ерікті шектей алады. Электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы 6 айдан 12 айға дейін өзін құмар ойыннан шектеу мүмкіндігі қарастырылған. Несие алудан да дәл осындай шектеу қоюға болады.

Наурыз айында әлгі пилоттық жоба басталған екі апта ішінде 7 мыңнан астам азамат онлайн түрде өзіне ойын ойнауға шектеу қойған. Тағы 3 мың адам қағаз жүзінде өтініш қалдырған. Ал небары бір айдың аралығында шектеу қойғандар саны 40 мың адамға дейін жетті. Енді олар ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің сайттарына бір жылға дейінгі мерзімде мүлде кіре алмайды. Парламентте қаралып жатқан ойын бизнесі және лотореялар туралы заң жобасында шектеу мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұзарту мәселесі қарастырылуда.

Бір қаланың халқы...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін айтқан еді.

– Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады, – деді Мемлекет басшысы.

Ал Мәжіліс депутаттарының дерегінше, құмар ойынға салынатын қаржы құрылыс саласына құйылатын қаражаттан айтарлықтай асып кеткен. Соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын да басып озды. Жыл басынан бері тұрғындардың құмар ойындарға салған ақшасы 100 млрд теңгеден (!) асты.

Байқағанымыздай, құмар ойынға деген тәуелділіктен уақыт өткен сайын дендеп барады. Букмекерлік кеңселердің жер-жерден таратылатын жарнамасы бәс тігуге бейімдерді одан сайын арандатуда. Қоғамның бұл дертіне дер кезінде тосқауыл қойылмаса, соңы жақсылыққа апармасы анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу