Құрылыс салуға қажет құжаттарды беру уақытша тоқтады

424

Қостанайда жаңадан бой көтеруі тиіс нысандар мерзімінен кешегітен болды. 

Құрылыс салуға қажет құжаттарды беру уақытша тоқтады Фото: Gov.kz

Өйткені, қалалық әкімдіктің сәулет бөлімі құрылыс бастауға қажет маңызды құжатты беруді уақытша тоқтатты. Қостанайлық шенеуніктер мұның арты әлеуметтік шиеленіске әкеп соғатынын жақсы біледі. Алайда, мәселені тезарада шешуге асығар емес. Соттың шешімін күтпекші. Сәулет бөлімі министрліктегі қадағалаушы мекемені сотқа беріп, дауласып жатыр.

Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, бар былық көпқабатты коммерциялық баспанадан басталған. Жеке сектордағы 5 үйдің жер телімдерін қосып, 39 соттық алаңға 9 қабатты баспана салмақшы. 

Алақандай жерге қыстырылысқан құрылыс компаниясын сол маңның тұрғыны сотқа берген. Жерімді заңсыз басып алды, өрт сөндіру көлігі өтетін жолды жауып тастады деп дабыл қағып, Президентке дейін шағымданған. Осыған орай, шұғыл тексерулер басталды.  Заңның бір-біріне қайшы тұстарының көптігі сонша, ақыры прокурорлардың өздері тығырыққа тірелген. 

"Бірнеше рет сотқа жүгіндік. Ақырында прокурор маған мынадай кеңес берді: Әкімдік, сәулет басқармасы, барлық мемлекеттік органдардан баспана құрылысының заңдылығы не заңға қайшы екені туралы шешімін алу қажет", дейді Құрылыс салушы Кенжетай Айтқожинов.

Халықтың ашуын тудырған бұл оқиғадан кейін кұрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті сәулет бөлімін бастан-аяқ тексерген. Нәтижесінде, қаладағы нысандар жоба-жоспарсыз салынып жатқанын анықтады.  Ал, қостанайлық шенеуніктер бұл құжатты талап ету міндетті емес дейді. Мұны министрлікте отырған қадағалаушыларға түсіндіре алмапты. Ақыры сотқа жүгінген.

"Бүгінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен сот процесттері жүріп жатыр. Тексеру актісінің күшін жоюға шағымдандық.  Осыған орай, қалада құрылыс нысанына сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру уақытша тоқтатылды. Сот шешімін күтеміз", дейді Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Қасыбаева.

Қалалық әкімдікте жалпылама жасалатын бас жоспардан бөлек, барлық шағын аудандардағы нысандардың аумағы, атауы, көлемі нақты көрсетілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болуы тиіс. Ал, мұндай құжат Қостанайда жоқ.  

"Әрине, бұл  дау-дамайдың арты әлеуметтік шиелініске әкеп соқтыруы мүмкін. Оның бізге қажеті жоқ. Қайткенде мәселенің шешімін табу керек. Алайда, қаланың ескі бөлігіне егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасату пайдасыз деп ойлаймыз", дейді Қала әкімінің орынбасары Руслан Қатпаев.

Екі мемлекеттік мекеме бір-біріне заң айтып, соттасып жүргенде жергілікті құрылысшылар зардап шегеді.  Олар құрылысты бастауға қажет маңызды құжатты ең кемі 2-3 ай күтуі әбден мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу