Қытай АҚШ-тан виза беру жұмысын шектемеуді талап етеді, деп хабарлайды Atameken Business.
Себебі соңғы кезде Бейжіңнен Америкаға баруға тиіс бірқатар аса маңызды жобалармен айналысатын делегация мүшелері жолынан қалған. Мәселен, қытай ғалымдары халықаралық ғарыш конгресіне қатыса алмай қалды. Осы жиында сөз алған АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс "біз тек пікіріміз жарасатын, бостандықты құрметтейтіндермен ғана жұмыс істейміз" деп айтты. Тараптар уақытша сауда келісімін жасағанымен, Ақ үй Бейжіңдегі билікті Гонконгке және Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым көрсеткені үшін айыптайды.
"Шын мәнінде виза деген мәселенің бер жағы ғана. АҚШ халықаралық әріптестік аясында орындалуға тиіс міндеттемелерді керек қылып отырған жоқ. Бұл жағдай мүдделі тараптардың құқын шектеп отыр. Осының барлығын ескере отырып, америкалықтардан қателікті түзеуді талап етеміз",–дейді ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин.