Қызметкерлерінің жемқорлығы үшін бірінші басшылар жазаланады

862

Агенттік пен басқармалар меморандумға қол қояды. 

Қызметкерлерінің жемқорлығы үшін бірінші басшылар жазаланады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қарамағындағы қызметкердің  сыбайлас жемқорлыққа қатысы болса, бірінші басшылар жауапкершілік арқалайтынын айтты. 

Шаһар басшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық, құрылыс, активтер және мемлекеттік сатып алу басқармалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментімен меморандумға қол қоятынын мәлімдеді. 

"Барлық жұмыстың адал атқарылуын қадағалау қажет. Заңсыздыққа жол беруге болмайды. Бірінші басшылар қарамағындағы қызметкерлер үшін жауапты болады. Мердігерлердің де жауапкершілігі артады. Бюджеттік бағдарламалардың әкімгерлері барлығын бақылап отырады. Олардың жұмысындағы кемшіліктерді сараптап, қоғамдық талқылауға шығарып отырамыз. Атқарылған жұмыстар тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Мұны әрқайсымыз заңға бағыну арқылы жүзеге асыра аламыз", – деді Алтай Көлгінов.

Сөз арасында ол мемлекет басшысының тапсырмасымен посткризистік кезеңде дағдарысқа қарсы нақты іс-шаралар кешені жүзеге асырылатынын жариялады. 

"Жұмыспен қамтудың жол картасы негізгі бағдарламалардың біріне айналды. Карантин кезінде азаматтар уақытша жұмыссыз қалды. Кәсіпорындар қызметін тоқтатты. Жағдайды қалпына келтіру үшін жұмыспен қамтудың жол картасы аясында аббаттандыру, жол жөндеу,  сквер, парк салу сынды жұмыстарды қолға аламыз", – деді Алтай Көлгінов. 

Қанат Махамбет

Фото: Уральская неделя

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу