Биыл аймақта 4576,5 тонна балық ауланған. Өңірде балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал мен Сырдария өзенімен қатар, 201 көл тізімге алынған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмысы туралы айтып өтті.
- "Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына" сәйкес, 2022 жылға облыс бойынша 409 тонна балық өсіру көзделсе, тауарлы балық өсіру көлемі 526,4 тоннаға жетіп, 117,4 тонна балық өсіру көлемі артығымен орындалды. Сонымен бірге 1 сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығы (УЗВ), 8 тоғанда балық өсіру шаруашылығы толығымен іске қосылып, көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының саны 75-ке жетті, - деп түсіндірді ол.
Аймақта 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істесе, оның төртеуінде "Еврокод", яғни Еуропалық сапа стандартын растайтын белгі бар. Мұнда балықтың 14 түрі шетелге экспортталады. Осы жылдың 10 айында облыс бойынша 4576,5 тонна балық ауланып, 2463,6 тонна балық өнімдері 13 елге экспортталған.
Балық дегенде, су тапшылығы көз алдымызға келеді. Оның үстіне соңғы жылдары Қызылорда облысында болған қуаңшылық ауыл шаруашылығына айтарлықтай әсер етті.
- Бүгінде облыстық коммуналдық меншікке 233 су шаруашылығы нысаны алынған. Осы меншіктегі су шаруашылығы нысандарын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 79,3 шақырымдық 10 каналға, елді мекендердерге насос қондырғыларын жеткізуге және 28 каналдың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге тиісті қаражат бөлінді.
Өңір үшін өте өзекті мәселенің бірі – су тапшылығын төмендету. Осыған орай, мемлекет басшысы Сырдарияның жоғары ағысындағы мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасауда. Одан бөлек, су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтуға ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жобасы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, су саласын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, облыс әкімдігімен ұсыныс жасалды. Осыған сәйкес, 76 жоба республикалық бюжеттен іске асырылмақ, - деп сөзін жалғады Марат Құрманбаев.
Өңірде су тапшылығын төмендету бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі – суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру. Сырдария өзеніне түскен суды ұқыпты, үнемді пайдалану керек екенін Сыр шаруалары жақсы біледі. Өйткені, бұрынғыдай аста-төк су жоқ әрі су барлық кәсіпке ауадай қажет.