Қызылорда облысында есірткіге тәуелді жандар қатары біршама көбейген. Мәселен, былтыр арнайы орынға 730 адам тіркелсе, олардың биылғы қарасы 863 адамға жеткен.
Облыстық психикалық денсаулық орталығында 30 төсектік наркология бөлімшесі жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда 200-ге жуық науқас емделеді. Дәрігерлер, есірткіге тәуелділерді емдеу бірнеше кезеңнен тұратынын айтады.
"Нашақорлық негізінен дәрі-дәрмектермен емделеді. Алдымен ағзаны улы заттардан тазартамыз. Бұл процедура көп уақытты алады. Дегенмен пациенттер қалпына келеді. Мұнда психологтардың көмегі мен біліктілігіне баға жетпейді. Науқастармен жылы сөйлесіп, моральдық көмек көрсетуде еңбектері зор. Өйткені олардың көбісі бұл өмірден баз кешіп келетіндер немесе қатты тәуелділікке ұрынғандар, я болмаса қайыру бермейтін агрессивтілер. Оларды қоғамға, өмірге қайта алып келу, бейімдеу, санасын өзгерту, бойын удан тазарту үлкен күш. Осыған орай жыл сайын қызметкерлерімізді арнайы біліктілікті арттыратын курстарға жіберіп тұрамыз", ‒ дейді Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы бас директорының орынбасары Гүлайым Сейілханова.
Орталық құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істейді, олармен бірлескен рейдтер мен басқа да профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Сонымен қатар, қалада орналасқан төрт емханада алғашқы психологиялық көмек көрсету орталықтары да жұмыс істейді. Осы орталықтардың көмегімен есірткіге тәуелді адамдарды анықтау деңгейі артқан.
"Бүгінгі күні ЖПҚ қызметкерлерімен бірге рейдтер үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, нашақорлыққа іліккен жандарды скринингтер мен медициналық тексерулер кезінде анықтап жатырмыз. Біз науқастарға кәсіби деңгейде көмектесуге тырысамыз. Әр науқастың жаңа өмір бастауға мүмкіндігі бар. Ең бастысы ерік-жігерге ие болу. Сондай-ақ, туыстары мен жақындарының қолдауы аса маңызды", - дейді Г.Сейілханова.
Қазір тіркелгендердің ішіндегі ең жасы 25 жаста екен. Статистикада, есірткіге тәуелді адамдардың 60% облыс орталығының тұрғындары боп шықты. Бүгінде наркологиялық есепте 5376 адам тұр, оның 4501-і маскүнемдіктен зардап шегетіндер. Өткен жылмен салыстырғанда алкогольге тәуелді адамдар 11% азайыпты.
Орталық науқастарды тәуелділіктен арылту мақсатында жаңа емдеу әдісін қолдануда бастапты. Оны "еңбек терапиясы" дейді.
Нұрбек Дәуренбеков