Жазасын өтеушілердің кейбірі мемлекет алдындағы қарызын өтесе, енді бірі жәбірленушінің берешегін қайтарады. Қарызы жоқтар отбасына ақша салып жібереді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінің өндірістік аймағында 14 кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр.
Олар жазасын өтеушілердің жұмыс істеп, ақша табуына ықпал жасайды. Сондай кәсіп иесінің бірі – РМК "Еңбек-Қызылорда" филиалы. Аталған мекемеде жазасын өтеп жатқан 4 сотталған екі ауысыммен тәулігіне 1000-1500 дана нан пісіреді. Нанды департаментке қарасты №60, №68, №37 мекемесіне жібереді.
"Біздің түзеу мекемеде еңбек етіп жүрген азаматтардың барлық құқығы қорғалған. Оларға жалақы төленеді. Зейнетақы қорына ақшасы аударылады. Өндірістік жарақат алған жағдайда да көмек көрсетіледі. Сотталғандардың жұмыспен қамтылуы олардың пайдасына шешіліп, тек жақсылыққа бастайды", – дейді мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Толқынай Тілеубекова.
Сотталғандарды жұмыспен қамтыған кәсіпкер тапсырыстың көптігін айтады. Сондықтан да, алдағы уақытта қызметкерлер санын көбейтуді көздейді.
"Түзеу мекемесінде еңбек ету сотталғандар үшін тиімді. "Бостандыққа шыққан соң осындай кәсіп ашуға болады екен" дейтіндер бар. Біраз уақыттан бері жазасын өтеп жатқан азаматтарды жұмыспен қамтып келемін. Алдағы уақытта сұранысқа сай тағы да қызметкер алу жоспарда бар", – дейді кәсіпкер Айбек Сәдібеков.
Жалпы, жазасын өтеушілер еңбек ету арқылы әуелі мемлекетке, сот орындаушысына немесе жәбірленушіге берешегін өтейді. Ал, ешқандай қарызы жоқ сотталғандар жалақысын отбасына жібере алады немесе өз қажеттілігіне жұмсайды.
"Цехта наубайшы болып еңбек етіп жүрмін. Бір ауысымда екі адам жұмыс істейміз. Жалақымыз жұмысымызға байланысты тұрақты төленуде. Зейнетақы қорына да ақша түседі. Жұмысым ұнайды, мұнда әрі еңбек етемін және уақытты жақсы іске арнаймын. Әуелгіде іштей "бұл жұмысты атқара аламын ба?" деген күдік болған еді. Бірақ, осы күні өз ісімнің маманымын", – дейді жазасын өтеуші.
Сотталғандарды еңбекке тартудың астарында үлкен мән жатыр. Жұмыс арқылы тәрбиелеу, бейімдеу, еңбекке баулумен қатар, бұл уақыттын тиімді өткізуіне, кәсіпке бет бұруына сеп болады.
Жыл басынан бері шаруашылық бөліміне қалдырылған оннан астам сотталған азамат сот белгілеген шығынын жалақысынан ұстау арқылы толық өтеген.