Қызылордадағы апатты үйлер мәселесі қашан шешілуі мүмкін?

Қалада апатты деп танылған көпқабатты үйлердің саны көп.

Қызылордадағы апатты үйлер мәселесі қашан шешілуі мүмкін? Фото: inbusiness.kz

Бүгінгі күні құлауға шақ тұрған үйлердегі 630-ға жуық тұрғын пәтер кезегін күтуде. Жергілікті әкімдік оларға жыл сайын 100-ден аса пәтер табыстауға уәде етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Апатты үйді паналағандар жергілікті биліктен уақытша баспана сұрауға мәжбүр. Десе де, тұрғынжай Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өтiнiш жазылған соң ғана кезек ретімен берілетіні белгілі. Яғни, бұл кезектің жақын арада жылжуы неғайбыл.

Тұрар Бекмырзаев апатты тұрғын үйінен көшуге мәжбүр болғанын айтады. Ол балаларының денсаулығы, өмірі үшін осындай шешімге келген.

"Өз үйім бола тұра жалдамалы пәтерге көшуге тура келді. Төрт балам бірінен соң бірі ауырып жатқандықтан, осы қадамға бардым. Достарым хабарласып: "Пәлен мыңға пәтер жалдап қиналып қаласың ғой. Одан да сол ақшаға үйіңді жөндесең қайтеді?" деп жатыр. Оны да ойладым. Солай жасадым да. Қабырға әбден көнерген. Іштің жылуын ұстап тұрмайды. Суыққа шыдамайды екенсің. Былтыр жылуы жақсы еді. Жыл өткен сайын күйі кетіп жатыр", - дейді ол.

Қызылорда қаласында апатты деп танылған көпқабатты 51 үй бар болса, ондағы 628 тұрғын пәтер кезегінде тұр. Апатты үйлердің 22-сі Тасбөгет кентінде орналасқан. Шынын айту керек, қала аумағында авариялық тұрғынжай сапына енбеген, бірақ жағдайы өте нашар тұрғын үйлер де кездеседі. Ал, соңғы 4 жылда апатты деп танылған 4 үйдің орын бұзылып, тұрғындар 100 пайыз жаңа үйлерге көшіріліпті.

Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов жаңадан салынатын көпқабатты үйлерден аталған санаттағы азаматтарға кезектілік тәртібімен жыл сайын 100-ден астам пәтер табысталатынын айтып отыр. Осылайша, 5-6 жылдың көлемінде қаладағы апатты тұрғын үй мәселесін толықтай шешу жоспарланған.

Жалпы, Тасбөгет кенттегі үйлердің бірқатары ескірген. Өжірелері, ауызсу және кәріз жүйелері мен қасбеттері, шатырлары көп жөндеуді қажет етеді.

"Биыл аталған мөлтек ауданның 20-ға жуық тұрғын үйі жаңартылады" деп сендірді әкімдіктегілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу