Сондай-ақ, соңғы екі жылда салаға бөлінген қаржы айтарлықтай өскен. Мұны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласына қатысты кеңейтілген мәжілісте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Жыл көлемінде білім саласына бөлінетін қаржы көлемі едәуір ұлғаяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен "Педагог мәртебесі туралы" арнайы Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. 2020 жылы сала қызметкерлерінің табысы орта есеппен 215 мың теңге, 2024 жылы 430 мың теңге болды. 2023 жылғы қыркүйек айынан балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Бұл – ұстаздарға деген айрықша құрмет, білім саласына жасаған ерекше қамқорлық", - деді ол.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі мемлекеттің бала болашағы үшін жұмсаған инвестициясына қайтарымы болуы керек екенін айтты. Әрине, қайтарымның артында сапалы білім, тәлім-тәрбие мен қоғам алдындағы педагог бейнесін қалыптастыру жауапкершілігі тұрғаны анық.
"Қала мен аудандардың келбетін келтіріп, күндіз-түні күннің ыстығына, суығына қарамастан еңбек етіп жүрген қызметшілердің, жарықпен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған электриктердің алатын жалақысын мұғалімдермен салыстыруға мүлде келмейді. Мысалы, Шиелі ауданында 901 мың теңге, Арал ауданында 869 мың және 854 мың теңге алатын педагогтар бар. Бұл қатарды әлі де жалғастыра беруге болады", - деп сөзін жалғастырды аймақ басшысы.
Жалпы, саланың биылғы облыстық бюджеті 291 миллиард теңгені құрап, екі жылда 67%-ға артып отыр. Мысалы, бюджет 2021 жылы 174 миллиард теңге болса, 2022 жылы 206 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2023 жылы 278 миллиард теңге немесе облыс бюджетінің 44,8 пайызын құраған.
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов барлық мектепке бірдей мүмкіндік жасалып жатқанын айтты.
"Мемлекет тарапынан барлық білім беру ұйымына теңдей мүмкіндіктің жасалып жатқанын ескерсек, нәтиже көпсетпеген мектеп басшыларының тиімділігіне бағалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, лицей, гимназиялардың жұмысына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесі төмен мектептердің статусына қатысты нақты шешімдер қабылданатын болады", - деді ол.
Жалпы, қоғамда "педагогтардың жалақысы көбейгенімен, қосымша сабаққа баратын оқушылар саны да азаймай тұр" деген пікір бар.