Қарапайым тұрғындардың осы жылы алған несиелері өткен жылмен салыстырғанда 27,4 пайызға артық. Қанды қанмен жуған секілді, несиесін несиемен жауып жүргендер қатары Қызылорда облысында да көп деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда көпшілік несиенің үстемақысы жоғары екеніне көп шағымданады. Ара-тұра "несиелік мәдениетті" қалыптастыру маңызды деген пікірін айтатындар бар.
"Адамдар көп ақша тапқан сайын оны соншалықты жаратады. Өйткені, тәбеті ашылып, жаңа сұранысы пайда болады. Ол уақытта тұтыну шығынына ғана қарап қалмау керек. Өмір теңіз суына ұқсайды, ішкен сайын шөлдетеді. Адамдар көп ақша тапқан сайын неге шығыны көп болады? Себебі сол, қаржысын басқара алмайды. Қандай жағдай болсын, тапқан табыстың 15-20 пайызын жинап үйрену керек. Бұл – сіздің емес, арманыңыздың ақшасы деп қабылдаған жөн. Сондықтан қаржылық сауат болу керек, жүйе қажет. Ал ол болмаған соң адамдар несие алады", - дейді Еркебұлан есімді қаржы сарапшысы.
Қызылорда облысы бойынша 2024 жылдың 1 ақпанға дейінгі банк секторының жалпы экономиканы несиелеу көлемі 553 миллиард 700 миллион теңгені құраған. Бұл статистика былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 27,3 пайызға өскенін аңғартып отыр. Сонымен қатар, қарапайым тұрғындардың несиесі 512 миллиард теңгені (2023 жылдан 27,4 пайызға артық) құраған.
"Қысқамерзімді несиелердің көлемі – 32,1 миллиард теңге. Ұзақмерзімді несиелердің көлемі 31,7 пайызға артып, 521,6 миллиард теңге болды.
2024 жылдың қаңтар айында банк секторының берілген несиелер көлемі – 43,7 миллиард теңге. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,3 пайызға артқан", - деп хабарлайды Ұлттық банктің Қызылорда филиалының баспасөз қызметі.
Мамандар заңды тұлғалардың да несиелері артқанын мәлімдеді.