ҚР инвестициялар және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (ИАТА) жүргізген жұмысының нәтижесінде Астана қаласы әуежайының жаңа атауы ИАТА ресми сайтында "Nursultan Nazarbayev" деп көрсетілді, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Әуежайдың жаңа атауы биыл 1 қарашадан бастап ИATA-ның ай сайынғы ресми бюллетенінде жарияланады. Содан кейін ғаламдық әуе билеттерін брондау жүйелерінің жеткізушілері (Amadeus, SITA) осы ақпаратты кейінгі сатылымдық желілерде де, билеттерде де көрсету үшін тиісті өзгерістер енгізуге тиіс.
Осылайша, алдағы уақытта әуежайдың жаңа "Nursultan Nazarbayev" атауы Астанаға бағытталған және Астанадан шығатын жолаушылардың әуе билеттерінде көрсетілетін болады. Сонымен қатар, "TSE" үш әріптік кодын өзгерту туралы мәселе қарастырылуда.
Еске сала кетсек, 2017 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасы үкіметінің № 381 жарлығымен Астана халықаралық әуежайы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" деп өзгертілді.