Ләззат Рамазанова әкім қызметіне әйелдердің де келуі үшін квота белгілеуді ұсынды

1086

Ләззат Рамазанова Atameken Business телеарнасында жаңадан эфирге шыққан "Мысли вслух" авторлық жобасында облыс әкімдерін халықтың сайлауына мүмкіндік беріп, әйелдердің де жоғары басшылыққа келуі үшін квота белгілеу керек деген ой айтты.  

Ләззат Рамазанова әкім қызметіне әйелдердің де келуі үшін квота белгілеуді ұсынды

Ұлттық комиссия төрайымының айтуынша, соңғы уақытта облыс әкімдерін жергілікті халық өзі сайлауы керек деген ой жиі айтылуда.

"Әкім қызметіне өз ісіне адал, қоғам мүддесі үшін еңбек ететін, өңірді дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, экологияны жақсартып, жолдарды жөндеуді қолға алатын кісіні жергілікті халық неге өзі сайламасқа?! Қазір петициялар мен митингтерден көріп отырғанымыздай, жергілікті халықтың барлығы бірдей әкімдерге сенім білдіре бермейді, бәрінен де өзектісі – тұрғындар өз өңірлерінде жағдайдың жақсарғанын сезінбейді. Бүгінде қоғам осындай саяси қадамдарды қабылдауға пісіп жетілді дер едім", – деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы.

Сондай-ақ еліміздегі облыс және республикалық маңыздылығы бар қалаларды басқарып отырған әкімдердің арасында әйелдер арасынан басшылыққа іліккен тек бір әйел – Гүлшара Әбдіхалықова ханым ғана екенін де түртіп өтті. Әкімдікте орынбасар, басқарма басшысы қызметін атқарып жүрген әйелдер саны 10%-дан аспайды. Мәслихаттар мен мәжіліс сынды заң шығарушы органдарда әйелдер саны да ауыз толтырып айтарлықтай емес.

"Мемлекет басшысы парламенттік партияларда әйелдер мен жастардың санын 30%-ға дейін арттыруды тапсырды. Бұл үміт арқалатар шешім... Айталық, әлемдік тәжірибеде көріп отырғанымыздай, саясатта әйелдер саны неғұрлым көп болса, халықты әлеуметтік қорғау, ана мен балаға қатысты мәселелер барынша ұтымды шешімін тауып жатады. Қоғамның да әл-ауқаты  жақсарады", – деді Ұлттық комиссия төрайымы.

Ләззат Рамазанова барлық деңгейдегі әкім лауазымына әйелдердің сайлануы үшін квота енгізу керек деген ұсыныс білдірді.

"Сайлаушылардың басым бөлігі әйелдер, қалалар мен өңірлерді басқаруда әйелдер ерлерден кем түспесіне сенімдімін. Әйел көптің сенімінен де шыға алады, өңірде де жағдайды тиісті дәрежеде реттей алады. Өйткені әйелдер үшін үйдің болсын, ірі қаланың болсын берекесін келтіру бірдей шаруа. Ендеше қыз-келіншектерге осы мүмкіндікті неге бермеске?!", – деді Ләззат Рамазанова.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу