Бүгін Швейцарияның Лозанна қаласында басталатын қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында жалпы есебі 1872 спортшы қатысады, деп жазады Olympic.kz.
2012 жылы алғаш рет Инсбуркте өткізілген Олимпиада ойындарында 1059 спортшы бақ сынаған болатын. 2016 жылы Лиллехаммерде алауы жанған төртжылдық додасына 1100 атлет қатысты. Қатысушылар санының көптігіне байланысты спортшылардың олимпиадалық қалашықта әртүрлі уақытта орналасу жағдайы қарастырылды.
Бірінші толқын спортшылары Лозаннаға келіп үлгерді. Олар 9-15 қаңтар аралығында сынға түседі. Ал екінші толқын 16 қаңтарда басталып, жабылу салтанаты өтетін 22 қаңтарға дейін жалғасады.
Олимпиада ойындарына жалпы есебі 79 ұлттық олимпиадалық комитет қатысады. Төртжылдық додасын қабылдаушы мемлекет – Швейцариядан ең көп делегация жасақталған. Швейцариялықтар 112 спортшысын жарысқа қосады. Ресей намысын 107 спортшы қорғаса, АҚШ сапынан 96 спортшы жүлдеге таласады.