МАЭК апаты: мұнай саласы 1 млрд доллар шығынға ұшырайды

606

Елде МАЭК-тегі апат салдарынан мұнай өндірісі азайып кетті.

МАЭК апаты: мұнай саласы 1 млрд доллар шығынға ұшырайды Фото: Ашық дереккөзден

Сарапшылар ай соңына дейін сала 1 млрд доллар жоғалтуы мүмкін деген болжам жасауда. Бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қара алтынды өндіру күніне 12 мың тоннаға дейін төмендегенін айтты. Ал, сарапшылар бұл жағдайды "шығыны қымбатқа түсетін апат" деп бағалады. Өйткені, кен орындарынан өзге кәсіпкерлер де барынан айырылып отыр. Кәсіпорындағы апаттың неге алдын алуға болмады?

Аймақта кәсібі дөңгелеп тұрған бизнесмендердің күні электр энергиясына байлаулы. Жарықтың жүйелі сөнуінен дүкендерде балмұздақтар мен мұздатылған тағамдар еріп, пайдасыз боп қалып жатыр.

"Кондитерлік торт, кілегей бәрі бар. Оларды тоңазытқышқа сақтау керек. Тортты пісіріп тастау керек. Тізімге қарап алдын ала пісіріп жатырмыз. Сөйтіп кестеге қарап отырмыз", - дейді кәсіпкер Азамат Сәрсенғалиев.

Тек кәсіпкерлер емес, бұл жағдай біздің бюджетке де салмақ болғалы тұр. МАЭК-тегі апаттан мұнай саласы қазірдің өзінде 700 млн доллар  жоғалтты. Бұл сарапшылар есебі. Ауқымды сөну салдарынан ай соңына дейін 1 млрд доллар жоғалады деген болжам бар.

"Бұл апаттан еліміздің барлық  барлық мұнай компаниялары зардап шегіп отыр. Салдары өте  көп. Бұл былайша айтқанда бірнеше адамның жауапкершілігі. Энергетика министрлігі саланы бақылап, реттемеді. Монополияға қарсы комитет бәлкім, тиімсіз тарифпен реттеді.  МАЭК – табысы жоқ, шығыны көп кәсіпорын. Олар жыл сайын 3 миллиард теңгеге шығынға батады. Ал,  "Қазмұнайгаз" мұндай апатқа дайын болмады. Қосымша жарықпен қамтиын генераторы жоқ. Жалпы осындай апат кезінде Солтүстік Қазақстан немесе Ресейден қосымша электр энергиясын  алатын жолдары қарастырылмаған. Бізге қажетті тоқты Ресейден ала алмаймыз. Өйткені, желілер  шыдамайды", - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов.

Үкімет осыған дейін жыл соңына қарай мұнай өндіруді 90 млн тоннаға жеткіземіз деп жер жаһанға жар салған-ды. Ал, енді елдің бас энергетигі бұл болжамға жете алмайтынын ашық мойындап отыр. Өйткені, мұнай өндіру күніне 12 мың тоннаға дейін қысқарды. Алайда, министр шығынның бәрін МАЭК-тің мойнына ілуден аулақ.

"Кен орындарына жөндеу жүргізудің қосымша көлеміне байланысты да мәселелер туындады. Осы орайда қазір электр энергиясын күніне 12 мың тоннаға дейін шектеуге байланысты біз жоспардан ауытқып отырмыз. Яғни электр энергиясын жеткізудегі шектеулерге байланысты тәуліктік мұнай өндірісі төмендеді. Нақты шығынды санауға әлі ерте. Бұл мұнай көлеміне ғана емес, оның бағасына да байланысты", - дейді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

"Салаға түспей қалған 1 мрд доллар деген сондай түсінікті көрінбейтін шығар. Соңғы 2 айда жоғалтқан бұл ақшаға 1200 орындық 100 мектеп салуға болар еді", - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов.

Сарапшылар кен орындарын қалпына келтіру қиын екенін айтады. Маңғыстаудағы Өзенмұнайгаздың өзінде  шілдеде болған апат салдарынан 3 800-ге жуық ұңғыма мен 36  қысымды ұстайтын агрегат істен шыққан. Сарапшы Байдильдинов мМәселені шешудің  бір-ақ жолы бар дейді. Бұл МАЭК-ті мемлекет меншігінен алып, Қазмұнайгаз немесе Самұрыққа беру керек.  Ал, министр қазір Маңғыстауда жаңа электр энергиясын салатын инвестормен келіссіз жүргізіп жатқанын айтты. Ескірген кәсіпорыннан қайыр жоқ екенін ұқса керек...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу