МӘМС арқылы бір ай ішінде 11,1 млрд теңгеге қызмет көрсетілген

988

Медициналық қызмет көрсету 30%-ға артқан.

МӘМС арқылы бір ай ішінде 11,1 млрд теңгеге қызмет көрсетілген

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені мәлім. Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, осы жүйе арқылы бір ай ішінде 11,1 млрд теңгеге 10,8 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Медициналық қызмет көрсету көлемі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда шамамен 30%-ға артқан. Жаңа жүйенің жұмыс істеу барысын білу үшін, №2 қалалық емхананың балалар бөліміне бардық.

Бұл емханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында науқас балаларды оңалту бөлімшесі ашылып, дәрігерлер де білімін жетілдірген. Емхана директоры Ләззәт Рүспекова балалар бөлімінің жұмысымен таныстырды.

"Бізде денсаулықты қалпына келтіру және оңалту қызметі бұрын да болған, алайда барлығына бірдей қол жетімді емес еді. МӘМС көмегімен бұл қызмет түрін айтарлықтай ұлғайттық. Мысалы, физиотерапевтік қызмет пен массаж жасау бұрын ақылы еді. Ал қазір бұл қызметтер халықтың бәріне тегін көрсетіледі. Бізге 74 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, жарты жылдай дайындалдық. Оңалтушы, невропатолог, логопед және басқа да дәрігерлер білімін көтеріп, оқу оқып келді. Дәрігерлерден құралған арайы топ балалардың милық салдануы, Даун ауруы, эпилепсия, қазіргі кезде кең тарай бастаған аутизм тәрізді кеселдерді анықтап, қажетті емдеу курсы мен оңалту шараларын жазып береді", – деді емхана басшысы.

Ләззәт Рүспекованың айтуынша, бүгінгі күні №2-ші қалалық емхана 63 мыңнан астам адамға қызмет етуде. Олардың 18 мыңы балалар. Балалар бөлімінде арнайы кабинеттерден бөлек, жаттығу жасау залы мен массаж бөлмесі бар. МӘМС жүйесімен жұмыс істеу, емханаға сапалы қызмет көрсетумен қатар, медициналық құрал-жабдықты жаңартуға мүмкіндік береді.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы директоры Айдар Ситказинов КТ, МРТ тәрізді қымбат медициналық қызметтер МӘМС аясында тегін ұсынылатынын айтты.

"Жыл басынан бері Қордың медициналық ұйымдары МӘМС пакетінің құрамына кіретін зерттеулердің қымбат түрлерін, соның ішінде КТ және МРТ, медициналық генетикалық зерттеулер мен қымбат зертханалық қызметтерді ұсынуда. Бұл қызметтерді алу үшін науқастарға медициналық жолдаманы учаскелік дәрігер, жалпы тәжірибелік дәрігер немесе арнайы салалық маман береді", – деді сақтандыру қоры қызметкері.

Медициналық сақтандыру қоры филиалының мәліметіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылмен салыстырғанда консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру 3,8 есеге (12,5 млрд теңге), қайта қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды қаржыландыру 4 есеге (7,8 млрд теңге) артқан. Сондай-ақ, елордалық медицина ұйымдарында 17 КТ және 19 МРТ құрылғысы бар.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу