Елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, оның артықшылықтары мен жеке клиникаларға қойылатын талаптар жайлы айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Сөз басында басқарма басшысы 2020 жылы енгізілген сақтандыру жүйесінің бірнеше деңгейіне тоқталып өтті.
"Бірінші деңгей – бұл республиканың барлық азаматына көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Медициналық көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалған аударымдар мен жарналар есебінен көрсетілетін қызмет. Ол бойынша емханаларда әрдайым қол жетімді болмаған медициналық қызметтердің аясы кеңейеді. Қызметтер қатарына стоматологиялық, жоғары технологиялық қызметтер, КТ, МРТ өткізу, сондай-ақ, бейінді мамандардың кеңесі мен медициналық оңалту жатады", – деп атап өтті ол.
Сәуле Қисықова әрбір азамат медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебесін анықтауға тиіс екенін еске салды. Оның айтуынша, екінші деңгейлі көмекті мемлекет тарапынан алатын азаматтар санатына бала күтіміне байланысты демалыста жүрген аналар, балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер кіреді. Жұмыс істейтін азаматтар үшін жарналар мен аударымдар жұмыс беруші тарапынан жүргізіледі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын 2,5 мың теңге көлемінде МӘМС бойынша ақы төлеуге тиіс.
"Мектеп медицинасына ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан біз қазір емханаларда бұл жұмысты жүргізу үшін мектеп бөлімшелерін құрып жатырмыз", – деді Сәуле Қисықова.
Қазіргі кезде емханалардың барлығы қымбат құрал-жабдықтармен қамтылмағандықтан, медициналық мекемелер халыққа қызмет көрсету үшін басқа ұйымдармен келісімшарттар жасайды.
"Барлық жолдамалар емхана арқылы жүзеге асырылады. Егер емханада қажетті кабинеттер немесе мамандар жоқ болса, онда олар келісімшарт негізінде аудандағы стоматологиялық клиникарға емделушілерді жібере алады. Мұндағы негізгі талап – барлық жеке медициналық клиникалардың лицензиясы болуы қажет және олар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет көрсетушілері тізілімінде болуға тиіс", – деді ол.