МӘМС: үкімет халық қарсылығын ескере ме?

469

Медициналық сақтандыру жарнасын өсіру отандық бизнестің құлдырауына алып келеді. Экономистер осылай деп дабыл қақты.

МӘМС: үкімет халық қарсылығын ескере ме? Фото: Inbusiness.kz

Бұл ұсыныс жария талқыға шыққалы, елдегі шу басылар емес. Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандыру жарнасын 5 есе арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін тиісті заң жобасы да әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мұны жалақысы 850 мың теңгеден асатын азаматтарға ғана қолданбақшы. Бұған бизнес өкілдері неге дайын емес?  Үкімет халықтың қарсылығын ескере ме?

Кәсіпкер Анастасия Загецтің Ақтауда атпен серуендеу орталығы бар. Жарты жылда бір рет МӘМС жарнасын төлейді. Алайда, оның да рақатын көріп жатқаным шамалы. Емханалардағы ұзын-сонар кезекті күткенше, жеке ауруханаларға барып емделгенім жақсы, дейді.

"Біз бизнестен миллиондап, миллиардтап ақша таппаймыз. Төлейтін салығымыз бар. Оған қоса міндетті медициналық сақтандыру 5 есе өссе, онда бізге жұмыс істегеннен не пайда? Тек мемлекет пен салық үшін жұмыс істейміз бе? Меніңше, бұл дұрыс емес. Олар қазір микро мен макро бизнестен бастап жатыр. Сосын тағы қарапайым адамдарға көшеді",- дейді кәсіпкер Анастасия Загец.

Экономист сарапшылар қазір отандық бизнестің жағдайы онсызда мәз емес. Көбінде қаржылық қиындықтар барын айтады. Оның үстіне ай сайын зейнетақы аударымдары мен түрлі салық төлейді. Олардың мөлшері болса жыл сайын аспандап келеді. Оған тағы МӘМС-тің жарнасы қосылды. Жария талқылауға түскен құжатты қарасақ, онда 2023-2026 жылдар аралығында Қордың қаржылық шығыны 1 452,2 млрд теңгеге дейін жететіні, ал бұл Қордың қаржылық тұрақтылығының нашарлауына әкелетіні жазылған. МӘМС-ті қаржыландыру да төмен деңгейде екен. Сөйтіп, сол шығынның орнын толтыру үшін Үкімет осындай шешімге келген. Бизнесмендердің қалтасын қағып, қосымша 243 млрд теңге түсім көрмекші. Экономист Бауыржан Ысқақ бұл елімізде бір үрдіске айналғанын айтады.  "Қит етсе, бизнесмендердің қалтасына көз тігеміз", Үкімет мұндай маңызды шешімді қабылдамас бұрын екі тарапты тыңдау керек еді, - дейді.

"Жалпы МӘМС-тің қаржысын осындай бизнес арқылы жабудан гөрі керісінше біз соның жұмысын реформалауды қолға алуымыз керек. Яғни, оның ашықтығын, қаржының қайда келу керектігін және де ондағы кірістің ашықтық көздер арқылы ғана қамтамасыз етуіміз керек. Бұл болашақта оның үлкен әлеуметтік-экономикалық зардаптары болады. Сол үшін де бұл кеңінен талқылауда болу керек. Міндетті түрде, барлық осыған қатысы бар бизнес өкілдерінің келісімімен немесе солардың байланысымен жариялануы керек",- дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

"Құптамаймын, бірақ түсіністікпен қараймын". Жарнаны 5 есе көбейту жайлы бүгін Ұлттық экономика министрі Қуантыров осындай пікір білдірді. Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің 50 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Сондықтан, бизнес сол әлеуметтік жауапкершілікті өзіне алуы керек.

"Бізге, әрине, осындай сақтандыру жүйесі керек. ОСМС-ті, жалпы осы қорды тиісті төлемдермен де толтыру керек. Экономика жағынан да ол да жақсы нәрсе. Себебі тек қана бюджетті пайдаланбай, жеке қаражатты пайдалану керек. Әр азамат өзі туралы ойлау керек. Оның өз жауапкершілігі болады",- дейді ҚР Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Ал, Денсаулық сақтау министрілігі бұл шешімді әділ деп санайды. Табысы төмендер байлардан артық төлемеу керек, дейді.

Еліміздегі жалпы жалдамалы қызметкерлердің 9 пайызы, яғни 50 200 адам үшін енді жарна 5 есе ұлғаяды. Жұмыс берушілер үшін 25 мың теңгеден 127 мың теңгеге дейін, ал жалдамалы қызметкерлер үшін 17 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осылайша, МӘМС қорына 243 млрд теңге түседі. Қазір бұл заң жобасы жария талқылауда. 7 ақпанға дейін жалғасады. Оған Қазақстанның әрбір азаматы қатысып, өз пікірін білдіріп, биліктің шешіміне әсер ете алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу