Ақтау қаласында ҚР СІМ Инвестициялар комитеті мен "KAZAKH INVEST "ҰК" АҚ басшылығымен кездесуде осы жетістік айтылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Елімізде инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы дайындалды. Одан Маңғыстау облысына жалпы сомасы 2 трлн теңгеден астам 41 жоба еніп, төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Өткен жылы осы пулдың 17 млрд теңге сомасына бес жоба пайдалануға берілді.
"2021 жылдан бастап оларға ерекше шарттар беретін "Стратегиялық инвесторларға арналған инвестициялар туралы келісім" жаңа инвестициялық құралы енгізілді. Мәселен, Үкімет HYRASIA EN GmbH компаниясы және "ХАЙРЕЙЖА УАН" ЖШС арасында "Маңғыстау облысында орналасқан жаңартылатын энергия мен "жасыл" сутекті өндіру және бөлу жөніндегі орталық құру" жобасы бойынша инвестициялар туралы келісім жасалды. Оның шеңберінде алдын ала техниканы әзірлеу бойынша рәсімдер сәтті аяқталды", – дейді ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.
Былтыр негізгі капиталға 762 млрд теңге түскен. Нақты көлем индексі 116% құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 704,5 млрд теңгені немесе индексі 117% құрады.
Өңірде 2023-2026 жылдар аралығында экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы шамамен 1,5 трлн теңгеге 5 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, 88 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Оның ішінде биыл жалпы сомасы 150 млрд теңгеге бір мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 26 инвестициялық жобаны іске қосу мәжеленіп отыр.
Маңғыстау облысында мемлекеттік заттай грант түрінде жер учаскелерін беру белсенді қолданылады.
Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында жалпы сомасы 33 млрд теңгеге 29 инвестициялық келісімшарт жасалды. Оның ішінде алты жоба туризм саласына, төртеуі білім беру, үш жоба қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі, үш жоба денсаулық сақтау және 13 жоба экономиканың басқа салаларына жатады.