Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке инвесторларды тарта отырып, Бозжыра сынды еліміздің көрікті жерлерін туризмнің орталығына айналдыруды тапсырған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы орайда, отандық инвесторлар жеке қаражатына Бозжырада жылына 30-40 мың туристі қабылдайтын визит орталығын және туристік нысандар салуды көздеп отыр.
Жаңа жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сынды туристік аймақтарындағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген әлемдік деңгейде тәжірибесі бар отандық компания жасақтаған.
Жобаның таныстырылымы Жаңаөзен қаласында өтті. Қоғамдық тыңдауға ардагерлер, табиғат жанашырлары және сарапшылар қатысты.
Жоба авторларының айтуынша, орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм принциптерін ескере отырып салынатын болады.
– Орталық жиналмалы жеңіл конструкциялардан тұрғызылады, олар терең іргетасты қажет етпейді. Ғимарат мекеннің жер бедеріне қарай 400-ден 1000 мм биікте тұратын болады. Сумен, электрмен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу мәселелері қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбейтіндей етіп шешілген. Қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесімен қоректендіру қарастырылған, – дейді жоба авторлары.
Жобаның мақсаты – табиғи ландшафт пен мәдени мұраны сақтай отыра, саяхаттаушыларды көшпенді өркениет әлеміне жетелеп, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін насихаттау.
Туристік нысандар Бозжыраның төменгі жағынан да бой көтереді. Мұнда этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер мен басқа да туристік нысандар салынбақ.
Жоба сәтті жүзеге асса, тұрақты 70 жұмыс орны ашылмақ.
– Бозжыра мәселесі ақыры орнынан қозғалды-ау. Бірақ тек Бозжыра емес, менің ойымша Айрақты, Жығылған, Тұзбайыр, Торышта да қонақ үйлер салынуы керек. Грузия, Түркия, Әзербайжаннан қай жеріміз кем? Біз, әрине қолдаймыз, – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Оразғали Қаспаев.
Жоба жүзеге асырылса, жақын маңдағы елдімекеннің тұрғындарына да қолайлы болмақ.
Олар ауылшаруашылығы өнімдерін, қолөнер бұйымдарын сатуға мүмкіндік алады.
– Енді тоқтамау керек. Түбінде Маңғыстаудың экономикасының негізгі бөлігі туризм болатыны сөзсіз. Біз болашақ жастарымызды туризм, биотехнология, атом энергетикасы, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты мамандықтарға оқытуымыз керек, – деді қала тұрғыны Сәбит Төкенов.
Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша жоба қолдау тапты.