Маңғыстауда көгалдандыру басталды

2225

Талдар "Қошқар-Ата" қалдық қоймасының маңына да егілмек.

Маңғыстауда көгалдандыру басталды

Маңғыстау облысында бес жыл ішінде 800 мың ағаш егу жоспарланған. Бұл жұмыс 2021-2025 жылдарға арналған "Маңғыстау облысының елдімекендерін көгалдандыру және жасыл аймақтар құрудың" 5 жылдық өңірлік жоспары негізінде жүзеге аспақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Көшеттер қазірден бастап отырғызылып жатыр. Наурыз айынан бастап "Таза табиғат" акциясы аясында ауылдарда және мектеп аулаларында үш мыңға жуық ағаш отырғызылған. Сондай-ақ, "Қошқар-Ата" қалдық қоймасының айналасында жасыл қорғаныш аймағын құру жөніндегі жұмыс жалғасуда. 

"Қошқар-Ата қалдық қоймасына жақын орналасқан елді мекендердің санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайы мен микроклиматын тұрақтандыру мақсатында 2015-2019 жылдары "Қошқар-Ата" қалдық қоймасының оңтүстік-батыс бөлігіне жалпы аумағы 38,2 гектар жерге қара сексеуіл және жүзгін отырғызылды. 2018-2020 жыл аралығында тағы да қосымша 50 гектар аумаққа қара сексеуіл егілген", - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов. 

Сонымен қатар,  "2020-2025 жылдарға "Қошқар-Ата"  қалдық қоймасы айналасында ауданы 150 га жасыл қорғаныш аймағын құру бойынша аймақты зерттеу және шығындарды есептеу" ғылыми-зерттеу жұмысы жасақталған. Сөйтіп, полигонның айналасында 2023 жылға дейін 40 га аумаққа жасыл қорғаныш зонасын құруға жарияланған  мемлекеттік сатып алуға жарияланған конкурста "Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағы" РМК жеңімпаз болып анықталды. Аталған мекеме мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арасында 2021 жылғы 23 ақпан күні келісім-шарт жасалды. Оған сәйкес, жоба құны – 125 млн теңге құрайды, оның ішінен биылғы жұмыстарға 48 млн.теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, "Қошқар ата" улы қалдықтар қоймасының қазіргі күні залалсыздандырылып жатқаны жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз.

Маңғыстау облысын көгалдандыру бойынша қолға алынған шараның бірі - былтыр Ақтау қаласы-"Rixos Water World Aktau" қонақ үйі бағытындағы автожол бойына 100 ағаш егілген болатын. Оны ерекшелеп отырғанымыз, біріншіден, олар – талдың тамарикс тұқымдас түрлері болатын, бұрын-соңғы мұндай өскін өңірде өспеген көрінеді, екіншіден, ол белгілі қонақ үй мен Қаракөл өзенінің  аралығына, туристер жиі өтетін жол бойына отырғызылған еді. Білгеніміз, қазір жас талдар жергілікті климатқа бейімделіп, бүршік жара бастапты. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу