Маңғыстауда Наурыз кең ауқымда тойланды

766

Наурыз мерекесі Маңғыстауда Каспий теңізінің жағасында атап өтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Маңғыстауда Наурыз кең ауқымда тойланды Фото: С.Маймеров

30 шақты киіз үй тігіліп, әрқайсысында қазан көтеріліп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып дәріптелді.

Наурыз мейрамы "Керуен көштен" басталды. Салт-дәстүрімізден көрініс көрсеткен көш, сахналық қойылым, концертпен жалғасты. 

Наурыз мейрамы – береке-бірліктің, кеңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі, ел жұрттың қытымыр қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен қауышатын тұсы. Осындай шынайы көріністі Каспий жағасында тойлаған ағайынның көңілінен байқауға болады. 

"Мереке құтты болсын! Күллі түркі тілдес жұрты жаңа жыл, Наурыз мейрамын тойлап жатыр. Бізде қалыс қалмадық. Мерекені көпшілікпен тойлау басты міндетіміз. Барша халықты жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жандары жамандық көрмесін! Ел аман, жұрт тыныш болғай!" деді Түркияның Ақтаудағы бас консулы Сабри Альптекин.

Наурыз мерекесін маңғыстаулықтар жоғарғы деңгейде ұлықтап келеді. Орталық алаңға тас төбеден үңілсек, ежелгі қазақ ауылы келіп қоныстанғандай әсер береді. 

"Мінекей, жылына осылай тойлаймыз ұлттық мерекемізді. Енді осыған мен риза болып жатқан жерім 10 күндей уақыт тойлауға беріп жатыр екен. Әр күн әртүрлі атауға ие. Менің ойымша, жыраулар күнін қосу керек. Себебі жыршылар халықтың тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген осы жыршылар ғой. Қазір ұмытылып бара жатқан секілді. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Ақ мол болсын!" – деп қуанышпен бөлісті жыршы Жеткізген Сейітов.

Наурыз мерекесін көруге жағалауға бірнеше мыңдаған адам жиналды.

Биыл Маңғыстауда ұйымдастырылған "Көрпе Fest - 2024" қолөнершілер фестивалі Наурыз мерекесінің айрықша ерекшелігі болды. Көшпенділер заманынан қазақ халқы әдемі және қолдануға ыңғайлы көрпелерді орындық, төсек-орын мен кілемнің орнына қолданған. Қазір көрген көзді қызықтыратын жұмсақ көрпешелер  үлкен сұранысқа ие.

Соңғы бірнеше жылда қолөнердің бұл түрі қайта жанданғандай болды. Наурызды тойлау аясында Ақтау жағалауында құрақ құрайтын 15-ке жуық әйел жиналып, көрпе, жамылғы, жастық сияқты  өздерінің ерекше өнімдерін ұсынды.

"Көрпе Fest-2024" қолданбалы өнер шеберлерін қолдау мақсатында өткізіледі. Соның арқасында қазақ ою-өрнегі ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеледі. Көрпе тігу дегеніміз халық арасында құрметке ие қолданбалы өнердің ерекше түрі. Бұл біздің рухани жан-дүниемізбен тікелей байланысты ғасырлар бойғы тарихымызды көрсетеді. Фестивальге қатысушылар өз шеберліктерін одан әрі жетілдіріп, жаңа заманауи өрнектерді пайдалана отырып, халықтың қолөнерін дамытып, халықтың шығармашылығындағы осы өнердің беріктігі мен өшпейтініне ықпал етеді деп сенемін", – деді фестиваль ұйымдастырушысы, Маңғыстау облысының отбасылық-демаграфиялық саясат жөніндегі облыстық комиссиясының мүшесі, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Тілектес Болатбаева.

Амфитеатр сахнасында қала қонақтарына 300-ден астам адам өнер көрсететін "Науша Наурыз бақ, ырыстың бастауы" атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Жағалауда ат пен түйе мінген шабандоздар және қазақтың тазы тұқымды иттерін жетектеп, бүркіт баулағар бүркітшілердің  шеруі өтті. 

Киіз үйлердің алдында мерекелік дастархандар жайылып, онда әртүрлі ұлттық тағамдар мен сусындар халыққа ұсынылды.

Өңірдің тұрғындары мен қонақтары үшін ҚР Суретшілер Одағының Маңғыстау облыстық филиалы облыстық суретшілер көрмесін ұйымдастырып, оған 35 қылқалам шебері қатысты.

Мерекеде ұлттық спорт ойындары да ұйымдастырылды. Боз кілемде палуандар күрессе, жастар гір тасын көтеру, ләңгі тебу, тоғыз құмалақтан жарысты. 

Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен және әсем отшашумен аяқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу