Маңызды азық-түлік тауарларының қымбаттауына теңгенің әлсіреуі әсер еткен - АШМ

1408

Одан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетулерге бағалардың өсуі әсер етеді.

Маңызды азық-түлік тауарларының қымбаттауына теңгенің әлсіреуі әсер еткен - АШМ

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі мен нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Жалпы алғанда жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалады. Сонымен бірге, кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалады. Олар қарақұмық жармасы – 27,2%, картоп – 22,3% және пияз –16%-ға төмендеген", — деді Арман Евниев.

Өңірлер тұрғысынан жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының ең жоғары өсуі Түркістан – 4,7%, Шымкент – 4,5%, Жезқазған – 3,7% қалаларында байқалды. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Семей қалаларында 1%-ға дейін бағалардың төмендеуі байқалады.

Оның айтуынша, көкөніс өнімдерінің бағалары ауытқуының негізгі себебі өндірістің маусымдылығы болып табылады. Онымен қоса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың біртіндеп өсуі ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты. Одан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетулерге бағалардың өсуі әсер етеді.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында нақты шаралар қабылдап жатыр. Өңірлерде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жүргізіледі. 2018 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 4,5 мың тоннаны, алмастыруға берілгендер және жауапты сақтауға берілгендер – 3,8 мың тоннаны құрады. Қолда бар 4,5 мың тоннаның – 2,16 мың тоннасы қант, 0,71 мың тоннасы – күнбағыс майы, 0,67 мың тоннасы – ұн, 0,577 мың тоннасы – қарақұмық жармасы және 0,354 мың тоннасы – макарон өнімдері", — деді А. Евниев.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ӘКК есеп-шоттарында 5,1 млрд теңге қаражат бар. Қантқа қатысты орын алған жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі қолда бар қаражаттарды өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсауды ұсынды.

"Министрлік қант бағасын тұрақтандырудың жүйелік шарасы ретінде отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірлеп жатыр, онда егістік алаңдарын кеңейту, тұқым шаруашылығын дамыту және қант қызылшасының өнімділігін көбейту, қант қызылшасын өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жәрдемдесу, сондай-ақ, отандық қызылша шикізатынан қант өндіру зауыттарын салуды ынталандыру секілді шаралар қарастырылады", — деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу