Қазақстандық талантты жастар Мәскеудегі Абай ескерткішінің алдында "Домбыра-party" акциясын ұйымдастырды.
Мәдени шараға РФ СІМ дипломатиялық академиясының тыңдаушылары Нұрлан Бертісов пен Талант Оңғаров, ҰЗУ ЭЖМ-інің магистранты Сәния Жұмабаева, сондай-ақ, Мәскеудегі "Мұрагер" қазақ мәдениеті қоғамының белсенді жастары ұйытқы болды.
Олардың айтуынша, кция Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық байланысқа 25 жыл толуы аясында өткізілді. Акция ұлттық дәстүріміз бен қазақ мәдениетін насихаттауды, сонымен қатар қазақтың ұлттық бай мәдени өнерін шетелдіктерге таныстыруды мақсат тұтты.
"Кез келген халық өзін тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі арқылы танытады. Біз қазақ халқының музыкасы мен мәдениетін насихаттауды азаматтық борышымыз деп білдік", - дейді акцияны ұйымдастырушылардың бірі Талант Оңғаров.