Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірлерді жеткіліксіз қаржыландыруға және трансферттерге қатысты проблемалар жүйелі сипатқа ие екенін айтты. Бұл елдің экономикалық дамуына және жалпы макроэкономикаға орасан зор зардабын тигізеді. Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі қаралған Сенат отырысында палата төрағасы осы мәселеге назар аударып, оның себептеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Қазігі таңда біздің шығындарымыз үлкен. Ал, кірістер бойынша проблемалар бар. Былтырғы бюджет параметрлері ҚазМұнайГазға келесі жылға салынатын салықтар бойынша аванстық төлемдер есебінен ғана жақсы көрініп отыр. Бұдан бөлек, былтыр экспорттаушыларға 500 миллиард теңге шамасында қосымша құн салығы қайтарылған жоқ. Бұл біздің салық түсімдеріміздің төмендігін, қосымша құн салығы мен корпоративті табыс салығы бойынша шамадан тыс нәтиже күтетінімізді көрсетеді. Бюджет шығындары да жыл сайын өсіп отыр. Былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 21 пайызға өскен", — деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру үшін шығыстарды табысқа жақындату және келесі жылдың бюджеті аясында кейбір позицияларды оңтайландыру қажет.
Сондай-ақ, тәуекел қадамдарды жасай бермей, кәсіпкерлерден салықтарды аванстық жинау сияқты шаралардың салдарын алдын ала зерделеген жөн.
"Шын мәнінде, біз корпоративті табыс салығын қажетті деңгейде жинай алмаймыз. Салық базасы жоқ, бизнестің даму қарқыны да жоғары емес. Осындай және басқа да себептермен қосымша құн салығын да жинай алмаймыз. Сондықтан шығындарды азайту мәселесін қараған жөн. Сол кезде ғана теңгерімді бюджетке қол жеткіземіз. Кәсіпкерлерден алдын ала салық төлемін алу оларды тұралатып, бизнесте проблемалар туындатуы мүмкін. Сол себепті, шығындарды қысқарту, оларды шынайы бағамдау, салықты алдын ала алмау маңызды. Мұндай қадамдар барынша оңтайлы бюджетке қол жеткізуге жол ашады", — деді палата төрағасы.
Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев шығыстардың ұлғаюы қосымша фискалдық жүктеме тудыратынын және инфляция деңгейіне әсер ететінін, бұл өз кезегінде әлеуметтік салада бірқатар проблемаларға алып келетінін айтты.
"Шығын неғұрлым көп болса, инфляция да соғұрлым ұлғайып, баға өседі. Оның салдарынан әлеуметтік мәселелер туындайды. Қазір пайыздық мөлшерлеме жоғары. Сондықтан бизнесті қалыпты мөлшерлемемен несиелендіре алмай отырмыз, Бұл экономиканың дамуына тұсау екені сөзсіз. Яғни, бюджетті теңгерімсіз ету арқылы макроэкономикалық түйткілдерге тап боламыз", — деп Сенат спикері депутаттық корпус пен Үкіметті осы бағытта бірлесіп нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.