Ол мүмкіндігі шектеулі балалардың бірыңғай регистрін әзірлеу мен жүргізудің жаңа әдістерін енгізу қажет деп санайды.
“Аутизм диагнозы бар балалар жолдама бойынша тегін оңалту курсынан өту үшін оңалту орталықтары мен коррекциялық кабинеттерге ұзақ уақыт кезекте тұру қажет. Мемлекеттік мектепке дейінгі мамандандырылған мекемелердің саны жеткіліксіз, оларда көбінесе баланы күні бойы қалдыру мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған көптеген отбасы балабақшалар мен жеке орталықтардың қызметтерін пайдалануға мәжбүр”, - деді депутат.
Сөзінше, олардың бағасы ата-аналардың қаржылық мүмкіндіктерінен асып түседі. Орташа бағасы айына 300 мың теңгені құрайтын коррекциялау сабақтарының қажетті көлемін әр ата-ананың қалтасы көтере бермейді, деп атап өтті мәжілісмен.
“Жалпы білім беретін мектептерде жүйелі сабақтарды өткізуге арналған мамандандырылған кабинеттермен жабдықталудың әлсіз деңгейі, олардың материалдық-техникалық қамтылуының жеткіліксіздігі мен тәжірибесі бар мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті кейде ерекше балаларға қатысты буллинг фактілері кездеседі. Мектепке дейінгі мекемелердегідей балаларды оңалтумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруды бақылауға алу қажет. Аутистикалық спектрдің бұзылуы бар балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету тоқтатылды”, - деді ол.
Осыған байланысты мәжілісмен келесіні ұсынды:
- аутистикалық спектрдің бұзылуы бар балаларды ерте диагностикалау мен анықтауды жақсарту мақсатында “Скринингті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы” бұйрыққа өзгерістер енгізу;
- Аутизмнің ұлттық ведомствоаралық ресурстық орталығын құру;
- Мүмкіндігі шектеулі балалардың бірыңғай регистрін әзірлеу және жүргізу, диагностиканың, емдеудің, коррекция мен оңалтудың жаңа әдістерін енгізу.
Еске салайық, осыған дейін былтыр елімізде 5949 балаға алғаш рет психикалық және мінез-құлық бұзылыстары диагнозы қойылғанын жазған болатынбыз. Бұдан бөлек мамандар ерте жаста аутизмді анықтау өте қиын екендігін айтады.