Медицина саласында қандай кәсіптер игерілмеді?

807

Жасанды интеллект мүмкіндіктері, қатерлі ісікті жеңетін технологияр, 4-ші және 5-ші деңгейлі антибиотиктер өндірісі сынды кәсіп түрлері өзектілігі мен ұтымдылығы жағынанан ТОП-8 кәсіптер қатарына кірді.

Медицина саласында қандай кәсіптер игерілмеді? Фото: inbusiness.kz

Медицина саласында сұранысқа ие бағыттарды inbusiness.kz тілшісі анықтап, материалда басым бағыттарға тоқталдық.

Өткен жылы Премьер-Министр төрағалығымен Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өткізіліп, елімізде дамуы керек негізгі үш бағыт таңдалды: MedTech, AgriTech, GreenTech. Әр сала бойынша толыққанды зерттеу жүргізіп, қаражат құюға болатын жобаларды саралау тапсырылды. 

Бүгін, міне, медицина саласына қатысты зерттеу жұмыстары тәмам болды және оның нәтижелері  "MedTech бағыты бойынша технологиялық болжау" панельдік сессиясы форматында өткен дөңгелек үстел барысында дүйім жұртқа ұсынылды. 

Аталмыш шараға Денсаулық сақтау вице-министрлері, QazInnovations Басқармасы төрағасы Санат Аханов, салалық сарапшылар қатысты. Вице-министр Бейбут Салымұлының айтуынша, медицина саласы үлкен инновациялық әлеуетке ие. 

"Жалпы медицина саласы инновациялық үлкен әлеуетке ие. Қазір зерделеніп жатқан кәсіп түрлері, технологиялар, бағыттар мен жобалардың болашағы бар деп ойлаймын, алайда шешімін таппай отырған бір мәселе бар. Мысалы, компаниялар жақсы жобалармен Денсаулық сақтау министрлігіне келеді, бірақ біз оларға қаржыландыруды қайдан алу керек, кімге жүгінген дұрыс деген сияқты бағыт-бағдар бере алмаймыз. Сондықтан талай мықты деген идеялар орындалмай қалып жатыр", - деді вице-министр Б.Салымұлы.

Осы сынды мәселелер мен инвестиция құюға болатын жобалар, жалпы зерттеу нәтижелері туралы QazInnovations Инновациялық экожүйе дамуы орталығы директоры Мадияр Әбілов тереңірек айтып берді. 

Сонымен зерттеу жұмысы биыл ақпан айында бастау алып, 5 айға созылды. Анализ барысында халықаралық трендтер, медициналық қоғам мен тауарлар бағытында барлық жобалар сүзгіден өткізілді. Қатысқан жобалардың жалпы саны – 6 557, содан тек 8 кәсіп түрі іріктеліп алынды. Дәлірек айтсақ, "Дәрі-дәрмектер" саласында ешкім әлі біле бермейтін 3 кәсіп анықталды, мысалы, онкологиялық ауруға шалдыққан адамдардың соңғы үміті болуы мүмкін – Car-T-технологиялары.

"Бұл технология, шынымен де, адам сенгісіз күшке ие. Қатерлі ісіктің 3-4 кезеңін бастан өткеріп жатқан науқасты аяғынан тұрғыза алады. Әрине, оның өзіндік кемшіліктері бар, бірақ әлеуеті өте жоғары жоба деп ойлаймын", - деді үйлестіруші менеджер Әмір Қуат.

Тағы бір ерекше көзге түскен жоба – 4-ші және 5-ші деңгейлі антибиотиктер өндірісі, сонымен қатар, әлемде кең таралған тері аурулары – экзема мен псориозға қарсы препараттар жасау. Ал, медциналық бағыттағы бұйымдар саласында еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей байланысты – қан алуға арналған вакуумды құралдар өндірісі іріктеліп алынған.

"4-ші және 5-ші деңгейлі антибиотиктер өндірісі іске қосылса, онда Қазақстанның антибиотиктерге деген сұранысы толығымен жабылады", - деп түсіндірді спикер.

Әмір Қуат табысы жоғары тағы бір кәсіп түріне тоқталды. Медицина саласында үлкен сұранысқа ие – германий химилық элементі Қазақстанның жер қойнауында жетерлік, оны біз Германияға шикізат ретінде 1 кг үшін 1200-3000$ бағамен сатамыз. Ал онда біздің шикізаттан галий-68 жаңа өнімі өнделіп шығады. Дайын түрде галий-генератор аталатын бұл тауар Қазақстанға 30 млн еуро бағамен қайтып келеді. 

"Бұл жаңа кәсіп түрі демесек, немене? Табысты кәсіп қазір бос тұр, демек, оны қолға алуға болады ғой. Оған қоса, бұл салада мүлдем бәсекелестік жоқ деуге болады. Өйткені оны тек Германия мен Ресей өндіреді, ресейлік өндіріс бізге белгілі себептермен тоқтап қалғанын білеміз, ал бізге, тіпті, Германия сияқты өзге елден шикізат тасу керек емес. Кәсіпкерлерге таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын", - деп нақтылады спикер.  

Сонымен қатар, протездер мен экзоқаңқаларды шығару, цифрлық заманға қадам басқан қазақстандық медицинада жасанды интеллект арқылы кез-келген ауруға диагностика жасап, болжам жасайтын технологияларды енгізу де өзекті мәселелер қатарында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу