ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жалпыұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі алты міндет бойынша 100 іс-шара қамтылған, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі жақсарту және азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматын енгізуді, қоғамдық қауіпсіздікті мониторингілеу жүйелерімен қамтамасыз етуді көздейтін ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасы қабылданатын болады.
"Соттардың жұмыс істеуінің заманауи форматын және озық электрондық сервистерді енгізу, артық сот рәсімдерін қысқарту арқылы сот жүйесі одан әрі жаңғыртылатын болады", — деді ол.
"Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат" атты төртінші міндет аясында 19 іс-шара көзделген. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін адамдарға түсіндіруді көздейтін "Жаңа формацияның басшысы" бағдарламасы әзірленетін болады.
"Тиімді сыртқы саясат" бесінші міндеті аясында сыртқы саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша шаралар қабылданатын болады.
"Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы" алтыншы міндеттің шеңберінде 6 іс-шара көзделген.
Министрдің айтуынша, "Рухани жаңғыру" бағдарламасына жаңа мазмұн мен бағыттарды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылы аясында жастардың барлық санатын қолдау шараларын көздейтін іс-шаралар жоспары қабылданатын болады. Әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту үшін мектептерде "Сарбаз" балалар-жасөспірімдер бірлестігі құрылады.
"Жалпы алғанда Жалпыұлттық жоспарды уақытылы орындау мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Жолдауда берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз болады", — деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.