Мемлекет басшысы мұнай саласының өкілдерімен кездесті

937

Мемлекет басшысы мұнай саласының өкілдерімен кездесті

Кездесуге инвесторлар, отандық және шетелдік мұнай-газ компанияларының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде мұнай-газ индустриясының айрықша маңызы бар екенін атап өтті.

"Қашаған кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды. Онда 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. Қашаған қазақстандықтардың игілігін еселей түсетін тағы бір ірі жоба болып саналады. Баршаңызды осы кен орнының іске қосылуымен құттықтаймын", – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Каспий жобасы тиімді халықаралық ынтымақтастық пен ашық әріптестіктің жарқын мысалы екенін айтты.

"Қашаған Қазақстан мен ірі әлемдік мұнай компанияларын ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. "Эни", "Тоталь", "ЭксонМобил", "Шелл", Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы, "Инпекс" біздің елге бай тәжірибесі мен білімін ала келді. Біздің "Қазмұнайгаз" да қазір әлемдік деңгейдегі осындай компаниялармен қатар тұрғаны қуантады", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мұнай-газ саласындағы отандық мамандар біліктілігін арттыруға ден қойылып отырғанына назар аударды.

"1998 жылдан бастап отандық 15 мың жұмысшыға кәсіби-техникалық білім беру үшін 250 млн доллар жұмсалды. Осы уақыт аралығында біз  мұнайшылардың тұтас бір буынын даярладық, жаңа мамандықтар аштық, теңіз академиясын құрдық.  Қашағанда 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жобадағы отандық кадрлардың үлесі 90 процентке дейін ұлғайды. 2005 жылдан бері сатып алынған тауар, атқарылған жұмыс және қызмет көрсету ісіндегі Қазақстанның үлесі 12,7 млрд доллар болып, 30 процентке жетті", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Мемлекет басшысы Қашаған кен орнын игеру аясында елімізде кеме құрастыру сияқты жаңа саланың пайда болғанын да атап өтті.

"Теңіз операциясына қолдау көрсету флотының базасы, сондай-ақ мұнай төгілген кезде жұмыс жүргізетін экологиялық база құрылды. Осылайша, біз кен орындарын пайдаланудың қарқынды кезеңіне көштік. Бұл межемен шектелмей, тезірек оның жобалық қуаттылығын қамтамасыз ету маңызды", – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отандық шикізатты қайта өңдеу дәрежесі мен үлесін арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

"Қазақстандық компанияларды, соның ішінде мұнай және газ саласында қызмет көрсететін компанияларды көптеп тарту қажет, Сондай-ақ қазақстандық үлесті ұлғайтып, отандық мамандарды жетілдіру керек. Келер жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Осында отырған ірі мұнай компанияларының өкілдерін сол көрмеге қатысуға шақырамын. Бұл сіздердің жаңа технологиялық жетістіктеріңізді әлемге танытуға зор мүмкіндік береді деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қатысушыларды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтап, еліміздің елеулі жетістіктерін атап өтті.

"Елімізге шетелден келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 265 млрд доллардан асты. Біз халықаралық инвесторлардың сеніміне ие болдық. Қашағаннан да басқа ірі жобалар бойынша табысты ынтымақтастық орнаттық. Мәселен, Теңіз кен орны мен Қарашығанақты игеру бірінші кезекте тұр. Шикізаттық емес секторға "Данон", "Дженерал Электрик", "Хайдельберг", "Хендай", басқа да трансұлттық ірі компаниялар келіп жұмыс жүргізуде. Қайта өңдеу саласына салынған инвестиция өткен бес жылмен салыстырғанда үш есе артты", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнай саласы өкілдерімен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Атырау облысы ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып отырған өңірдің бірі екенін атап өтті.

"Көріп отырғанымыздай, Тәуелсіздік жылдары облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай айтарлықтай жақсарды. Өңір халқының саны 37%-ке көбейді. 1999 жылғы кезеңнен бері орташа жалақы көлемі 11,5 есе өсті. Облыс толығымен газбен және орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жалпы көлемі 7,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 есе ұлғайды", – деді Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев пен Энергетика министрі Қ.Бозымбаев мұнай-газ саласындағы қазіргі жағдай мен өңірді дамыту перспективалары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы мұнай-газ саласындағы ірі нысандардың, атап айтқанда Қашаған кен орнының, "Болашақ" зауытының, Каспий құбыр желісі консорциумы мен "ҚазТрансОйл" компаниясының мұнайды қайта құю стансалары жұмысымен танысты.   

Бұған қоса, Қазақстан Президентіне "ҚазТрансОйл" компаниясы жүзеге асырып жатқан Қазақстан-Қытай мұнай құбыры аясын кеңейту жобасының іске асырылу барысы таныстырылды. Кеңейту жұмысы Кеңқияқ-Атырау магистральді мұнай құбыры арқылы қайта құйылатын мұнай көлемін жылына 4-тен 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы кездесу соңында мұнай-газ саласының үздік еңбеккерлерін "Барыс", "Парасат", "Достық", "Құрмет", "Еңбек Даңқы" ордендерімен және "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапаттады.     

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу