Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысына факторлық-балдық шкала енгізіледі

4985

Бұл өз кезегінде өңірлерден кадрлардың кетуін қысқартуға, жергілікті жерлерде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және кадрлық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді

Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысына факторлық-балдық шкала енгізіледі

2019 жылы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысына факторлық-балдық шкала енгізіледі, деп хабарлайды Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Расул Медетов мәлімдеді.

Оның айтуы бойынша, қазір қызметкердің жалақысы оның жұмыс өтілі мен атқаратын лауазымының санатына байланысты. Керісінше орындалалатын жұмыстың күрделілігі мен тиімділігі ескерілмейді, ал сыйақы түріндегі ынталандыру төлемдері бірдей мөлшерде төленеді. Бұл жүйе 14 жыл бұрын енгізілсе де осы уақыт аралығында тұжырымдамалық өзгерістерге ұшырамаған. Нәтижесінде орталық пен аймақтың мемлекеттік қызметкерлерінің, сондай-ақ мемлекеттік және жеке меншік секторлардың қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуде тепе-теңсіздік пайда болды.

"Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – факторлық-балдық шкала негізінде қызметкердің кепілді лауазымдық жалақысы, екінші бөлім – бонустар қызметкердің жұмысын бағалау нәтижелеріне байланысты болады", - деді Расул Медетов.

Айта кетейік, бұл жоба жыл басында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, әділет министрлігінде, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінде пилоттық режимде іске қосылған болатын. Ал, 2019 жылдан бастап өңірлерде енгізілетін болады.

Мәселен, облыстық деңгейде жетекші маманның еңбекақысының ең төменгі мөлшері 62 мыңнан 117 мың теңгеге дейін, орталықта 84 мыңнан 136 мың теңгеге дейін артады.

"Жаңа жүйені енгізумен орталықта және өңірлерде жұмыс істейтін мамандар арасындағы төлем айырмашылығы орташа есеппен 10% - ды құрайды, бұл өз кезегінде өңірлерден кадрлардың кетуін қысқартуға, жергілікті жерлерде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және кадрлық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Ұсынылған жүйеде әрбір мемлекеттік орган жеке бонусты қорды қалыптастырады, оның мөлшері қызметтің барлық бағыттары бойынша мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау деңгейіне тікелей тең болады. Мұндай жағдайда әрбір қызметкер жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі болады", - деп қорытындылады Расул Медетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу