Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин депутаттарға мемлекеттік және жекеменшік операторлардың қызметін реттеу қажеттігін жеткізді.
"Елімізде мемлекеттік монополия құрмай, белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыруға айрықша құқық беру тәжірибесі қолданылып жүр. Іс жүзінде мемлекеттік және жекеменшік оператор деп аталатын балама институт құрылды. Біз 51 операторды анықтадық, оның 47-сі мемлекеттің қатысуымен құрылды. Енді оларға мемлекеттік монополия субъектісі ретінде құқықтық шектеу режимі қолданылуы керек", – деді агенттік төрағасы.
Серік Жұманғариннің сөзінше, құқықтық шектеу ірі операторлардың бейімдігінен тыс қызметті жүзеге асыруға тыйым салу, сондай-ақ конкурстық іріктеудің жариялылығы сынды шараларды қамтиды.
"Операторлардың санын азайту қажет. 9 оператор бойынша түбегейлі шара қабылдау жоспарланып отыр. Олар заң жобасы қабылданғаннан кейін мәртебесінен айырылады. Осыдан кейін үкімет 4 субъектіні жекешелендіру мерзімін белгілейді. Оның екеуі жекеменшік, үшеуі ведомстволық бағынысты ұйым ретінде жұмыс істейді. 18 оператор бойынша реттеу талап етілмейді, себебі олар қоғамдық қызметті жүзеге асырады және табыс таппайды", – деді агенттік төрағасы.
Қанат Махамбет