Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 39 пилоттық жоба іріктеліп алынды

1131

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 39 пилоттық жоба іріктеліп алынды

ҚР ИДМ өңірлермен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып барлық ықтимал қауіп-қатерлер мен коммуналдық инфрақұрылымдардың даму тәжірибесін ескеріп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) нысандарын концессияға біртіндеп және кезең-кезеңімен енгізу моделін ұсынады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, ТҮКШ нысандары 3-5 жыл мерзіміне сенімді басқаруға беріледі. Ол еліміздің "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы" заңында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бір түрі ретінде көрсетілген.

"Бұл кезеңнің мақсаты – кәсіпорынды қалпына келтіру, аппаттық жағдайлар мен шығынды азайту, төлемдерді жинауды қамтамасыз етіп, кірісті арттыру арқылы тиімділік индикаторының көрсеткішіне жету. Сонымен қатар, бұл кезеңде нысанның алдын-ала инвестициялық тартымдылығын бағалау жұмысы жүзеге асырылады. Екінші кезеңде ТҮКШ нысаны  концессияға 10-30 жыл мерзіміне дейін беріледі. Себебі, бұл кезеңнің мақсаты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысанын қайта қалпына келтіру және оларды жаңғырту үшін жеке инвестициялар мен энергиятиімділік технологияларын тарту",-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 39 пилоттық жоба іріктеліп алынды. Оның ішіндегі ең маңызды жобалардың бірі – Ақтөбе мен Қызылорда қалаларындағы ТҮКШ нысандарын сенімді басқаруға табыстау. Ол Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтасудың арқасында жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысындағы тұщытқыш зауытының құрылысы концессия жобасына кіреді. Қазір онда конкурстық рәсімдер жүргізілуде.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу