Мердігер компанияға 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды

1180

Мердігер компанияға  5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды

Тиісті жұмысын дұрыс атқармаған "Анис" ЖШС-ға айыппұл салынып, конкурс негізінде жеңіп алған қаржысы бюджетке кері қайтарылады, деп хабарлайды abctv.kz.

Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы жолдың басым бөлігі сын көтермейді. Сондықтан мемлекеттік қазынадан қаражат бөлініп, мердігер компанияларға беріледі. Бірақ барлығы бірдей өз ісіне жауапкершілікпен қарамайды. Тиісті жұмыстарды мерзімінен кешіктірген "Анис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айыппұл салынып, конкурс негізінде жеңіп алған қаржысы бюджетке кері қайтарылмақ. 
Аталмыш серіктестік Павлодар-Баянауыл бағытындағы жол учаскелерін жөндеу бойынша үш бірдей лотты жеңіп алған еді. Нәтижесінде мердігер компанияға мемлекеттік қазынадан 39 млн теңге қарастырылды. Бірақ жұмыстар белгіленген кестеден кеш жүргізіліп, қазан айында 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оған қоса, құны 13 млн теңге болатын лотты кері қайтарып алу шаралары қолданылуда.  Серіктестік басшылығы мұндай олқылықты құрылыс материалдарының жетіспеушілігімен байланыстырады.

Бұл сөзі негізсіз емес. Айталық, Павлодар облысында цемент-бетонды жабын салу үшін беріктілігі 1400 болатын қиыршық тас қолданылады. Әдетте бұл құрылыс материалдары "ЗСМ" және "Қазстроймонтаж" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен  жеткізілетін.  Әйтсе де, қазіргі уақытта соңғысы жұмысын тоқтатты.  Сонымен қатар, қиыршық тас бағасы айтарлықтай қымбаттады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда 5х20 фракциялы қиыршық тастың бір тоннасы 300 теңгеге қымбаттап, 1800 теңгеге дейін жетті. Сол сияқты өзге өлшемдердің бағасы да 400-700 теңгеге дейін артқаны байқалады. Ал "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Медет Дарабаев кемшілік мердігер компанияның салғырттығынан орын алды дегенді алға тартып отыр. 
"Құрылыс маусымының соңында қиыршық тас пен битумның азаюы – қалыпты жағдай. Мердігер компания осыны ескеріп, ертерек қамдануы тиіс еді. Бірақ олай болмай шықты. Бұл жайт жол құрылысына салқынын тигізбей қоймады. Жұмысына жауапкершілікпен қарамағаны үшін айыппұл салынып, бір істен шеттетілді. Бұл өзгелерге сабақ болар деген үміттеміз" - дейді Медет Дарабаев. 
Айта кетелік, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі, орта жөндеуден өткізіп, күтіп-ұстау үшін 6,3 млрд теңге бөлінген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу