Металл өндіруден косметикаға дейін: Өзбекстанның металлургиядағы әлеуеті қандай?

547

Отқа салса жанбайды. Өзбекстан металл өңдеу арқылы жоғары температурада өртенбейтін қоспа шығарды. Оны көлік қозғалтқышынан бастап құрылысқа дейінгі әртүрлі салада пайдалануға болады. Сонымен қатар, көршіміз сирек металлдарды өңдеп косметика дайындамақ. 

Металл өндіруден косметикаға дейін: Өзбекстанның металлургиядағы әлеуеті қандай? Фото: Технолинк Казахстан

Бұл тау-кен металлургия комбинатында түрлі метталдарды өндіруден бастап толығымен өңдеуге дейінгі өндіріс циклы қамтылған. Қазақстанда да мұндай кешендер жетерлік. Алайда басты айырмашылық өңдеу технологиясында. 

"Біз жаңа никель негізіндегі қорытпаның алғашқы үлгісі алдық. Қорытпаны автомобиль жасауда, мұнай-газ саласында, аэроғарыш өнеркәсібінде қолдануға болады. Тағы бір өнертабыс  өртке қарсы қауіпсіздігі жоғары аммоний октамолибдаты. Ал цинктен, күннен қорғайтын крем мен медицинада қолданылатын ингредиенттерді бөліп алып экспорттамақпыз", дейді Техника ғылымдарының докторы, профессор Амир Абидов. 

Сонымен қатар, елдегі осындай ғылыми орталықтарға кен орындарының техногендік қалдықтарын қайта өңдеу тапсырылған. Қазірдің өзінде металлургиялық қоқыстан вольфрам концентратын алу арқылы халықаралық сертификаттаудан өткен жаңа өнім шығарған. Айта кететіні, бұл метталдардың барлығы біздің елде де өндіріледі. 

"Өнімнің 95 пайызына жуығы экспортқа кетеді. Атап айтқанда Еуропа, Ресей мен көрші Қазақстаннан да сатып алушылар бар. Қазақстанда да бұл металл өндірілетін болған соң экспорт көп емес. Былтыр 50 мың доллар болды. Алайда биыл оны арттырамыз деп отыр", дейді Ғылыми өндірістік бірлестіктің директоры Ильхом Асадов. 

Екі ел арасындағы алыс-берісте Өзбекстан көбіне жеңіл автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасына керек құралдар сатады. Ал біздің ел басымдықты қара металл экспортына қойған. Желтоқсандағы Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстан аумақтарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша өзара меморандумдарға қол қойылды. Енді екі ел металлургия саласында саудамен ғана емес бірігіп зерттеумен де айналыспақ.

Маржан Жұмабай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу