Микронесиелердің ең көп көлемі қай өңірлерге тиесілі?

194

Соңғы 3 жылда микроқаржыландыру секторында бизнеске микрокредиттер 2 есе, яғни 1,3 трлн теңгеге  дейін ұлғайды.  

Микронесиелердің ең көп көлемі қай өңірлерге тиесілі? Фото: freepik

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өңірлер бойынша микрокредиттердің ең көп көлемі Павлодар (23%) және Қостанай облыстарына (13%) минералдық ресурстарды өндірумен және электрмен жабдықтаумен байланысты өнеркәсіп секторларына тиесілі. Сауда және қызмет көрсету секторларына кредит беру Шымкент (10%), Астана (7,3%), Алматы (5,4%) ірі қалаларында және Түркістан (9,8%) және Жамбыл (5,3%) облыстарында басым. Егер экономика салалары бойынша кредит берудің жиынтық көлемін қарастыратын болсақ, микроқаржыландыру субъектілерінің қызметі көбіне өнеркәсіп пен электрмен жабдықтауға (35,1%), ауыл шаруашылығына (25,1%), саудаға (17,5%) байланысты салаларда және қызмет көрсету (14,9%) саласында шоғырланған", - деді Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Кредиторлар бойынша Қазақстанның 20 облысының 17-сінде кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер үлесі жоғары. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бизнеске кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер 932 млрд теңгені құрады.

Сөзінше, бүгінде кредиттік серіктестіктер бизнеске жеңілдік талаптармен қолдау көрсететін түрлі шараларының белсенді қатысушыларына айналды. 

"Олардың қызметі ауыл шаруашылығын белсенді дамытып жатқан, шалғай аудандар мен ауылдардағы үй шаруашылықтарын қолжетімді қаржымен кеңінен қамтуды қамтамасыз етеді. Кредит беруде кредиттік серіктестіктердің үлкен белсенділігі осы өңірлерде үлкен егіс алқаптарының орналасуына байланысты Қазақстанның барлық солтүстік, орталық (48%) және оңтүстік өңірлерінің (24,3%) ауыл шаруашылығында байқалады. Осы өңірлерде ауыл шаруашылығына кредит берудің жиынтық мөлшері 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 251 млрд теңгені құрады", - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары. 

МҚҰ тарапынан бизнеске микрокредит берудің негізгі көлемі Түркістан облысына (17,0%), Шымкент қаласына (16,8%), Алматы облысына (11,1%) және Жамбыл облысына (10,4%) тиесілі.

Айта кету керек, микроқаржы ұйымдарының субъектілері елдің барлық облысында бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу