Аудит нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палата отырысында қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Аудит материалдарында көрсетілгендей, 2016-2017 жылдары "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ шеңберінде 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қорды құруға бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, 3 орталықтың қызметі тиімсіз және нәтижесіз болып шыққан, 2 компания перспективалық даму жоспарларынсыз жұмыс істейді. Осылайша, 3 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ арқылы бюджет есебінен 987 млн теңгеден астам сомаға қаржыландырылған 95 стартапқа салынған инвестициялардың нәтижелілігі мен табыстылығы расталмай отыр. Бұл ретте 2018-2020 жылдары қаржыландырылған 32 ұйым таратылған, оның 18-і мәжбүрлеу тәртібімен таратылған. Тағы 21 компания нөлдік салық есептілігімен жұмыс істейді, бұл қызметтің жоқтығын көрсетеді, – делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.
"Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ-ға 2015 жылдан 2024 жылға дейін бюджет қаражатынан бөлек жер қойнауын пайдаланушылардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша міндеттемелер ретінде 41 млрд теңге түскен.
Бұл ретте "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ сараптамалық комиссиясы ҒЗТКЖ-ны қамтамасыз етуге жауап бермейді, бұл осы бағытта қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен біртектілігіне күмән келтіреді.
Нәтижесінде, 14,8 млрд теңгеге 179 жоба негізінен бизнестің ағымдағы міндеттерін шешуге бағытталған, ал ғылымды дамытуға және жаңа технологияларды жасап шығаруға ықпал етпеген.
Сонымен қатар, ҒЗТКЖ жобаларын іске асыру үшін көзделген қаражатты өзге мақсатта пайдалануға ықпал ететін факторлар анықталған.
Бұл "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ-да басқарудың және есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ететін механизмдерді шұғыл енгізуді талап етеді.
– "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ 34 ақпараттық жүйеге қызмет көрсетеді. Олардың 85%-ның технологиялары ескірген және монолитті кодта жұмыс істейді. Бұл мекемеге бекітілген 50 ақпараттандыру объектілері бойынша 28 ақпараттық жүйе және 1 аппараттық-бағдарламалық кешенге өзекті болмауына байланысты іс жүзінде қызмет көрсетілмейді. Жалпы аудит қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлау 2,2 млрд теңге, ал оларды тиімсіз пайдалану 46,5 млрд теңге. Сондай-ақ, 45 жүйелік кемшілік пен 143 процедуралық бұзу анықталды, – делінген хабарламада.