Министр халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін таныстырды

Заңнамаға "тәуелсіз жұмыскер" ұғымы енгізіледі.   

Министр халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін таныстырды Фото: ortcom.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын депутаттарға таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомство басшысы құжаттың 5 бағытты егжей-тегжейлі түсіндірді, оның бірі халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдеріне қатысты.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, ұсынылған жаңа тәсілдер ең алдымен: икемді жұмыспен қамтудың жаңа формаларының пайда болуына және оларды реттейтін заңнамалық базаның әлі қалыптаса қоймауына; жұмыс орындарының тиісті саны мен сапасын талап ететін жас жұмыс күші ағынының айтарлықтай артуына; өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне әлі де болса толық қатыспай отырғанына байланысты болып отыр.

Аталған мәселелерді шешу үшін Әлеуметтік кодекс жобасында 3 бағыт көзделген.

Біріншісі – еңбек нарығын либерализациялау (ырықтандыру). Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді.

Осы мақсатта "тәуелсіз жұмыскер" – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген болатын.

"Осындай жұмыскерлер қызметтерін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына жатады.

Бұл жұмыскерлер үшін онлайн платформалардың операторларын салық агенттері ретінде анықтап, арнаулы салық режимдеріне сәйкес жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыратын болады. Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады", - деп хабарлады министр.

Ведомство басшысының хабарлауынша, егер "тәуелсіз жұмысшылар" үшін тиісті аударымдар болмаған жағдайда оларға заңдарда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі.

Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру.

Оның аясында дағдыларды бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. 

Үшіншісі – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын қалыптастыру.

"Бүгінгі күні азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процесстері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асуда. Осыған байланысты, Кодекс жобасында қазіргі жұмыспен қамту орталықтарын аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін мобильді орталықтарға трансформациялау көзделуде", - деп қорытындылады министр.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу