Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер "Қазақстанның экономикасы үш ай қатарынан 4 пайыз өсім көрсетті, қазақстандықтардың жалақысы неге аз?" деп сұрады.
"Экономика секторларын алатын болсақ, ондағы жалақы белгілі бір өндірістің өнімділігіне байланысты. Жалақы бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорындар өздерінің табыстары, өндірісі артқан сайын тұрақты жұмыс істеп отырған жұмысшыларының жалақысын көбейтуге тырысады. Біз оны білеміз. Мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде біздің қоятын талабымыз – мемлекеттік қолдауды алатын кәсіпорындар өздерінің жұмыскерлеріне жалақыны көбейту. Бюджет саласына келетін болсақ, өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекеттік бюджет есебінен мемлекеттік қызметшілерге, азаматтық қызметшілерге жалақыны көбейту жұмысы жүргізілді. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай бұл жұмысты әрі қарай жүргізетін боламыз. Халықтың әл-ауқатын көтеру – басты міндет. Бәріміз жақсы түсінеміз", - деді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Қаржы министрі Мәди Такиев жалақы неге өспей жатқанын түсіндірді.
"Бүгінгі таңда 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындар 35 пайызды құрайды. 300 мың теңгеден 600 мың теңге аралығында алатындары – 36 пайыз. Жалпы азаматтық қызметкерлерге көп көмек беріп жатырмыз. Үш жылдың ішінде мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Бұдан басқа бізде ең төмен жалақы 85 мың теңге болды", - деді министр.
Оның сөзінше, қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақы бойынша тиісті есептеулер жүргізіп жатыр.
"2025 жылдың аяғына дейін тағы 600 мың адамның, яғни азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарымызда бар. Оны (ред. – қанша пайыз болатынын) бюджеттің мүмкіндігіне қараймыз", - деп нақтылады Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.