Министрлік кәсіпорынға тәжірибеден өткізген әр студент үшін 100 мың теңге бөледі

1149

Министрлік кәсіпорындардың студенттерді өндірістегі пратикалық оқытуға кеткен шығындарын өтеу бойынша механизмді әзірлеп жатыр. 

Министрлік кәсіпорынға тәжірибеден өткізген әр студент үшін 100 мың теңге бөледі

Бизнес өкілдері колледж студенттері үшін практикалық сағаттарды көбейту туралы ҚР білім және ғылым министрлігінің ұсынысын қолдады, деп хабарлайды atameken.kz.

Кәсіпорындар талабы бойынша сапалы маман дайындау мақсатында ҚР білім және ғылым министрлігі колледждердің таңдауына оқу бағдарламаларының екі моделін ұсынды

Біріншісі – бұл толыққанды дуальді білім берудің моделі, оның негізінде жалпы білім беретін сағаттар қысқарып, кәсіпорындарда жүзеге асатын практикалық сабақтар ұлғаяды (оқу уақытының 60%-ы). Осы ретте жалпы білім беретін циклда кәсіптік деңгейде өсіретін, кәсіби қызметке маңызды пәндер ескерілген.

Екінші модельде де жалпы білім беретін пәндер қысқартылмайды. Сонымен қатар оқудың жалпы уақытының 40%-ы өндірістік оқуға және кәсіптік практикаға жұмсалады.

"Бірінші модельде халықаралық тәжірибені, жұмыс берушілердің тілектерін ескердік. Модель өндірісте өтетін практикалық сағаттарды жекелеген жалпы білім беретін пәндерді базалық және кәсіби модульге біріктіру арқылы ұлғайтуды көздейді",– деді ҚР БҒМ кәсіптік-техникалық білім беру департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов.    

Министрлік алғаш рет кәсіпорындардың студенттерді өндірістегі пратикалық оқытуға кеткен шығындарын өтеу бойынша механизмді (қорғау шаралары, шығын материалдары) әзірлеп жатыр. Егер осыған дейін мемлекеттік бюджет тек колледждердің шығынын өтеген болса, енді кәсіпорындардың шығыны да ескеріледі. Министрліктің есептеулеріне сәйкес, жылына кәсіпорынға бір студентке орта есеппен 100 мың теңге бөлетін болады.

"Өзгерістер және оқытуды жоспарлауға қатыса алатынымыз қуантады. Демек, оқу моделін ертең студент жұмыс таба алатындай етіп, құра аламыз. Бала сабақтан соң кәсіпорынға келіп, практикалық білімін шыңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар министрліктің шығындарды өтеу бойынша өзгерістері ұнап жатыр. Енді кәсіпорындар да бұл үдеріске құлшыныспен қатысатын болады", – деді  отель "Radisson Hotel, Astana" қонақүйінің менеджері Индира Берсүгірова.

Селекторлық талқылауға 100-ден астам жұмыс беруші компанияның өкілдері қатысты, олар мұндай өзгерістерге, оқытудың жаңа форматына бір ауыздан қолдау білдірді. Биыл қыркүйекте оқытудың жаңа моделін және кәсіпорындардың шығынын өтеуді енгізу көзделген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу