Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасады? Мәселенің мән-жайын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтып берді.
Оның сөзінше, бүгінгі күні коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткішінде өсім байқалғаны рас, бірақ эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай жаман емес. Қазақстан 10 қаңтардан бастап, коронавирустық инфекцияның таралуы жағынан әлемдік көрсеткіш бойынша "сары аймақта" тұр. Ал елдегі ахуалдың төмендігі адамдардың санитарлық нормаларды сақтамауынан болып отыр.
"Елімізде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны – 169 099. Соңғы тәулікте, яғни 17 қаңтарда 1003 адам вируспен ауырғаны белгілі болды. Бүгінгі күні емделіп жатқан 24 875 адамның (ПЦР+, ПЦР-) 6 570-сі – стационарда, 18 305-і үйде ем қабылдауда. 294 адамның жағдайы ауыр, 60 пациенттің жағдайы өте ауыр, ал 40 науқас өкпені желдету аппаратында жатыр", – дейді ресми өкіл.
"Коронавирустан қайтыс болғандарды айтуға тыйым салынған" дегенге қатысты уәж айтқан Ержан Байтанаев бұл ешқандай шындыққа жанаспайтын ақпарат екенін атап өтті.
"Біз коронавирус инфекциясының таралуына байланысты мәліметтерді күнделікті жаңартып отырамыз. Ақпараттық хабарламаларда коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың саны нақты айтылады. Ештеңені жасырып, я болмаса тыйым салып отырған жоқпыз. Мысалы, былтыр елімізде вирус анықталғалы бері қайтыс болғандардың саны – 2349. Өңірлерде арнайы комиссия құрылған. Олар адамдар коронавирустан көз жұмды ма, әлде оның жанама әсерінен қайтыс болды ма, зерделеп анықтайды. Сондықтан жұртшылықты дүрбелеңге салынбай, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамын және жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске саламын", – деді ол.
Қымбат Нұрғали