ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Әділбек Алдабергенов жазда "Бекет ата" оқу полигонында жарылған гранатадан жарақат алған екі сарбазға қатысты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
"Қолдағы бар мәліметтерге сенсек, 2019 жылдың 17 шілдесінде сабақ кестесіне сәйкес "Бекет ата" оқу-жаттығу полигонында жеке құраммен арнайы оқу-жаттығу жүргізілді. Байланысшы, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Кошлев оқу-жаттығу орнында байланысшыларға жабдықты көрсету үшін тартылған болатын. Ешқандай жауынгерлік тапсырманы орындауы тиіс емес еді", – деді Әділбек Алдабергенов.
Оның айтуынша, сабаққа даярлық кезінде Кошлев әрбір әскери қызметші білуі тиіс ереже – бұйрықсыз ешқандай іс-қимыл жасауға болмайтынын біле тұра бұйрық берілмесе де, басқа оқу нүктесіне қойылған оқ-дәріге жақындап, Ф-1 гранатасын қолына алған.
"Тұтандырғышын бұрап, граната жарғыш мұрындығын тартып, тетігін іске қосты. Дыбысын естіп, Tadiran радиостанциясының астына салып жіберді. Кошлевпен бірге қызмет атқарып жүргендердің сөзіне сенсек, оған гранатаның жауынгерлік екені ескертілген. Жарылыс салдарынан радиостанцияның алдындағы қатардағы жауынгерлер Кошлев пен Жаманбаев жараланған. Жақын маңдағы басқа әскери қызметшілер зардап шекпегенімен, оларға да қауіп төнген. Зардап шеккен Кошлев пен Жаманбаевқа барлық қажетті медициналық және психологиялық білікті қызмет көрсетілді. Гранатаның жарылу фактісі бойынша ІІМ Әскери тергеу басқармасы бірден қылмыстық іс қозғады. Тергеу шаралары жүргізілуде. ІІМ Әскери тергеу басқармасының сұрауы бойынша әскери бөлім келтірген залалдың бағасы берілді. Келген залалдың орнын толтыру бойынша сұрақтар Қорғаныс министрлігінің құзіретіне жатпайды. Шешімді сот қабылдайды", – дейді ол.